Алматыда Qnet қаржы пирамидасын басқарды деген күдікпен тағы бір адам ұсталды

Алматыда Qnet қаржы пирамидасын басқарды деген күдікпен тағы бір адам ұсталды
Сурет: Egemen.kz

 ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі қаржы пирамидаларын жою бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда.

ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті қалалық прокуратурамен бірлесіп оңтүстік мегаполис аумағында «Qnet» қаржы пирамидасын басқару фактісі бойынша күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Ол азаматтардан ақша жинап, біреуінің жарналарының есебінен басқа қатысушыларды байыту мақсатында қайта бөлді.

Айта кету керек, «Qnet» қызметі желілік маркетинг және электрондық коммерция түрінде жасырылған. Бірқатар шет елдерде «Qnet» компаниясы қаржы пирамидасы болып танылды. Сондай-ақ, оны ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы пирамидасының белгілері бар компаниялар тізіміне енгізді.

Алматы қаласының мамандандырылған тергеу соты күдіктіге қатысты 2 айға «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін елордада осындай қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша күдікті ұсталған болатын.

ҚМА азаматтарды қырағы болуға және өз жинақтарын күмәнді қаржы ұйымдарына салмауға шақырады.

«Егер сіз және сіздің жақындарыңыз «Qnet» компаниясының қызметіне тап болса, ҚМА call-орталығына хабарласуыңызды сұраймыз», - делінген хабарламада.