Алматыда нашақорлықпен күресу шаралары талқыланды

Алматыда нашақорлықпен күресу шаралары талқыланды
almaty-akshamy.kz

Алматыда «Наркостоп» жобасы аясында жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алу және онымен күресу шаралары талқыланды

Синтетикалық есірткі - біздің заманымыздың қасіреті. Бұл туралы ӨКҚ брифингінде Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының жастарды әлеуметтендіру және жастар бастамаларын қолдау бөлімінің басшысы Нурсултан Беккаиров мәлімдеді.

Нашақорлықтың алдын алу бойынша «Наркостоп» жобасы алғаш рет Алматыда 2021 жылы іске қосылды.

Жобаны Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасы жүзеге асыруда. Ол екі бағытқа бөлінеді. Біріншісі есірткіні қолданатындарға және тәуелділіктен арылғысы келетіндерге бағытталған (call-орталық, тәуелділермен жасырын жұмыс, олардың ата-аналары), екінші бағыт - нашақорлықтың алдын алу (контент өндірісі, демалыс орталықтары, дәрістер, еріктілік, еңбек биржасы). Жобаның нысаналы аудиториясы - жастар.
 
«Біз «Наркостоп» жобасының тапсырыс берушілеріміз. Бүгін мен сіздерді жастарымыз үшін салауатты және қауіпсіз орта құруға деген ортақ ұмтылысымызға арналған осы маңызды іс-шарада көргеніме қуаныштымын. Бүгінгі ұрпақ көптеген қиындықтар мен қауіпке тап болуда, олардың ішіндегі ең маңыздыларының бірі есірткінің таралуы. Бұл тек жеке адамдарға ғана емес, бүкіл қоғамға әсер ететін, көптеген жастардың өмірі мен болашағына балта шабатын мәселе», - деді Нурсултан Беккаиров.
 
Оның айтуынша, Жастар саясаты басқармасы бұл зұлымдыққа қарсы күресте жауапкершілікті өз мойнына алады. «Наркостоп» жобасы жай ғана бастама емес - бұл болашақ ұрпақ алдындағы оларға қауіпсіз және салауатты болашақты қамтамасыз ету міндеттемесі.

Брифингке қатысқан «Психикалық денсаулық орталығы» директорының наркологиялық қызмет жөніндегі орынбасары Гүлмира Әбдібаева өткен жылы наркологтардың есебінде 1100-ден астам адам болғанын хабарлады. Оның ішінде алғаш рет 276 адам тіркелсе, олардың қатарында 18 жасөспірім бар. Ол атап өткендей, орталық қалалық әкімдік, Білім және Қоғамдық денсаулық сақтау басқармаларымен, сондай-ақ полиция департаментімен бірлесіп жүзеге асырылатын нашақорлыққа қарсы күрестің кешенді жоспары жүзеге асырылуда. 

«Синтетикалық препараттар соңғы бірнеше жылда кеңінен таралып кетті. Нашақорлар арасында «скорость», мефедрон және басқа психоактивті заттар кеңінен қолданылады. Пациенттерімізге отбасыларына қайта оралуға, олардың қоғаммен араласуына көмектесу үшін біз алмастыру терапиясын қолданамыз. Бүгін осы бағдарлама бойынша бізде 29 пациент өтуде. Олар күн сайын таңертең келіп, дәрі қабылдайды. Дәрігерлер мен пациенттердің туыстары бүгінде терапияның оң нәтижелерін көріп отыр», - деп атап өтті Г. Әбдібаева.