Алматыда нан қалдықтарын жинайтын контейнерлер орнатылды

Алматыда нан қалдықтарын жинайтын контейнерлер орнатылды
Сурет: Тengrinews.kz

Жиналған нан қалдықтары мал азығына өңделеді.

Алматының Әуезов ауданында алғаш рет тамақ қалдықтарын жинап, кейін қайта өңдеуге арналған контейнерлер орнатылды, - деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Алматыда кәсіпкерлердің бастамасымен бұзылған нан, ескірген тоқаш, мерзімі өтіп кеткен макарон және басқа да нан өнімдерін жинайтын сары бөшкелер орнатылды.

«Алғашында мұндай контейнерлер бірнеше учаскеге орнатылды, бізге ҚСК және қоқыс шығаратын компаниялар хабарласты. Біз кәсіпкерлерді шақырдық олар мән-жайды түсіндірді, аудан әкімдігінің басшылығы олардың идеясын қолдады. Бұл мәселе тұрғындар үшін де өзекті болған. Себебі осыған дейін көптеген таза, адал тамақ қалдықтарын контейнерге тастамай, ит, құс және мысықтарды тамақтандыру үшін жақын жерге қалдырған. Бұл басқа тұрғындар үшін өте ыңғайсыз екені белгілі. Контейнерлер орнатылғаннан кейін аулаларда қаңғыбас жануарлар азайып, қоқыс жәшіктерінің айналасы әлдеқайда тазарып қалды», - дейді Әуезов ауданы әкімдігінің абаттандыру басқармасының басшысы Айдын Тұрсынов.