Алматыда Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдығына арналған конференция өтті

Алматыда Мұзафар Әлімбаевтың 100  жылдығына арналған конференция өтті
Сурет: Ашық дереккөз

Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық   кітапханасында Қазақстанның халық  жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұзафар Әлімбаевтың 100  жылдығына арналған «Қазақ балалар әдебиетінің өткені мен бүгіні» атты  республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Конференцияны Ғылым және  жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және  өнер институты, Қазақстан Жазушылар одағы, Қазақстан Республикасы Ұлттық   кітапханасы бірігіп ұйымдастырды.

Шараның мақсаты – қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі Мұзафар  Әлімбаевтың өмір мен шығармашылығын, балалар әдебиетіндегі дәстүр сабақтастығын,  балалар қаламгерлерінің жаңашылдығын, қазіргі қазақ балалар әдебиетінің өзекті  мәселелерін насихаттау.

Іс-шараның модераторы – М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер  институтының директоры Матыжанов Кенжехан Ісләмжанұлы жүргізді.

Жиын барысында Қазақстан Жазушылар одағы  басқармасы Төрағасының орынбасары, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Жақып «Мұзағаңның ақындық әлемі» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ филология ғылымдарының  докторы Нұрдәулет Ақыш, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Тәуелсіздік дәуіріндегі әдебиет және көркем публицистика бөлімінің  меңгерушісі Гүлжаһан Орда, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сүлейменов Бейсенбай баяндама жасады.

Конференция аясында балаларға арналған К.Матыжановтың «Уыз тәрбие» монографиясы және "Қазіргі қазақ балалар әдебиетінің даму үрдістері (1991–2021)" ұжымдық монографиясының таныстырылымы болды.

Сонымен қатар Алматы қаласындағы Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектеп-интернаттың 11 сынып оқушысы Жалғас Қазыбек  М.Әлімбаевқа  арнап арнау орындады.
М. Әлімбаевтың ұлы Баламер  Әлімбаев қорытынды сөз сөйледі.

Іс-шара аясында Мұзафар Әлімбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Балалар бақытының жыршысы»  атты кең ауқымды кітап көрмесі үйымдастырылды.