Алматыда мерекелік велошеру өтті

Алматыда мерекелік велошеру өтті
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Спорттық шараға мыңнан аса адам қатысты

Жаппай велошеру Қазақстан халқының Бірлік күніне арналды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Vecher.kz-ке сілтеме жасап. 

Веломаусым мен велошерудің салтанатты ашылуына Алматы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев қатысты. Жиын барысында ол тұрғындар велосипедті жиі қолдана бастағанын және веложолақтар жыл өткен сайын көбейіп жатқанын жеткізді. 

«Қыс біткен соң қалада велошерулер жандана бастайды, бұл өте жақсы. Қатысушылардың қатарында кәсіби велоспортшылармен қатар қарапайым адамдар мен велосипедті енді үйреніп жүргендер де бар. Олар аз қашықтықты жүріп өтеді. Ал, біз өз командамыз атынан оларға шағын кәдесыйларды табыстаймыз»,- деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Андрей Линник. 

Велошеруге қатысқан мыңдаған алматылық әл-Фараби даңғылы бойымен сегіз шақырымды қашықтықты жүріп өтті. 


Қазақстан велоспорт федерациясының президенті Нұрлан Смағұловтың айтуынша, барлығына мәре сызығын бірінші болып кесіп өту міндетті емес, бастысы қашықтықты жүріп өту және мерекелік көңіл-күйді сезіну. Сондай-ақ ол велошеру - достықтың марафоны екенін әрі алматылықтардың ынтымағы екенін атап өтті. 

Велошеруге қатысушылар да өз әсерлерімен бөлісті, оның бірі Анастасия Киреева. 

«Құрбым екеуіміз велошеру жайлы білгенде қатысуды жөн көрдік. Бірақ бізде велосипед болмады, сондықтан жалға алдық. Біз көбінде жүгіреміз, велошеруге бірінші рет қатыстық, бізге ұнады. Ұйымдастыруы да жақсы, мерекелік және спорттық көңіл-күйді сезіндік»,-дейді ол.