Алматыда мектеп күзетшісі оқушыны зорламақ болған

Алматыдағы Алатау ауданы Қарасу шағынауданында орналасқан №160 орта мектептің күзетші оқушыға жәбір көрсеткен, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz  Астана телеарнасына сілтеме жасап. 

«Бұл қалай болды? Мұғалім оқушы қызға қоңырау шалып, оған бір зат беретінін айтады. Алайда қызды күтпестен затты күзетке қалдырып кетеді. Қыз оқу орнына келгенде мас күзетші бар екен. Бізде оның кішкентай қызға тиісіп, өзіне қарай тартып, сүйіп жатқан видеосы бар. Құдайға шүкір, қыз одан қашып құтылады», — дейді ата-аналардың бірі.

Қалалық білім басқармасы бұл фактіге қатысты шұғыл шаралар қабылданғанын мәлім етті.

«№160 орта мектепте қауіпсіздік қызметін көрсететін «Алтын әлем групп» компаниясына мектеп әкімшілігі тиісті хаттама толтырды. Сонымен қатар, аталған серіктестікке келісім-шартты бұзу туралы шағым мен хабарлама жолданды. Қазіргі уақытта күзетшінің үстінен қылмыстық іс қозғалды, күдікті 15 тәулікке қамауға алынды», - деп атап өтті білім басқармасының баспасөз қызметі.

«Алматы қалалық полиция департаменті аталған дерек бойынша Алатау аудандық полиция басқармасымен ҚР ҚК 124 бабы 1-бөлігіне сәйкес тергеу жүргізіп жатқанын хабарлайды. Сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда», дейді қалалық ПД-ның ресми өкілі Салтанат Әзірбек.