Алматыда Медеу мұз айдынының 50-ші мерейтойлық маусымы ашылды

Алматыда Медеу мұз айдынының 50-ші мерейтойлық маусымы ашылды
Cурет: Ашық дереккөз

«Медеуге» кіру тек Ashyq қосымшасы арқылы жүзеге асырылады

 Қаладағы санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, мұз айдынында бір мезгілде 2 500-ге жуық адам бола алады. Мұз айдынының жобалық сыйымдылығы – 8 600 адам, оның 30%-ы – 2 580 адам. 

 «Медеуге» кіру тек Ashyq қосымшасы арқылы жүзеге асырылады. Билеттерді тек онлайн режимінде сатып алуға болады.

 Өткен жылмен салыстырғанда сеанстер ұзартылды  және 3 сағатқа ұлғайды. Демалыс және мереке күндері кешкі сеанс сағат 00.00-ге дейін ұзартылды. 7 жасқа дейінгі балалар, көпбалалы отбасылардың балалары, барлық санаттағы мүгедектер мен зейнеткерлер тегін кіру құқығына ие. 

Оқушылар мен студенттер үшін билет құны биыл өзгерген жоқ. Мұз айдынына барған кезде жұмыс күндері таңғы сеанстарда балалар үшін билет құны 400 теңге, студенттер үшін – 600 теңге. Демалыс және мереке күндері кешкі сеанстарға кіру билеттері азаматтардың басқа санаттары үшін 2 800 теңге тұрады.

Айта кетерлігі, енді қала тұрғындарына танымал мұз айдынына жету ыңғайлы болады, қала әкімдігінің бастамасымен №12 автобустың бағыты ұзарды,енді соңғы автобус «Медеуден» қалаға сағат 00.30-да шығады.

Бұдан өзге, «Балуан Шолақ спорт сарайы – «Медеу» мұз айдыны бағыты бойынша экспресс автобустың жұмысы қайта жанданды. Бастапқы кезеңде экспресс демалыс және мереке күндері сағат 9.00-ден 19.00-ге дейін жүреді, жол жүру құны – 200 теңге.