Атырауда көлік ұрлаған азамат қолға түсті

Атырауда көлік ұрлаған азамат қолға түсті
Cурет: Ашық дереккөз

Қожайын көлік есігін құлыптамаған

Атырауда бөтеннің көлігін ұрлап, айдап кеткен 24 жастағы жігіт ұсталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полиция департаменті ұсынған деректерге қарағанда, көлік 4 қарашада Атырау қаласында ұрланған.

«Бұл туралы сағат 12:22 шамасында «Тoyota Highlander» маркалы көліктің иесі – 28 жастағы азаматшадан 102 операторы арқылы шағым түсті. Ол сол күні сағат 11:20 шамасында Б.Момышұлы көшесінде орналасқан емхананың алдына қара түсті «Toyota Highlander» маркалы автокөлігін қалдырған. Бірақ, кейін емханадан шыққан кезде көлігін таба алмай қалған», - делінген хабарламада.

Шағымданушының хабарынан кейін жедел басқару орталығы мен патрульдік полиция қызметкерлері жедел іздестіруге кірісті.

«Жедел басқару орталығының қызметкерлері «Сергек» жүйесінің бейнебақылау камералары арқылы ұрланған автокөліктің жүру бағыты анықтады. Ал, полиция қызметкерлері көлікті Ш.Уәлиханов көшесінің бойында тоқтатып, оны заңсыз жүргізіп кеткен 24 жастағы ер адамды ұстады», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

 Кейін белгілі болғандай, иесі көліктің кілтін оталдыру тетігінде қалдырып, есігін құлыптамаған. Қазір бөтеннің көлігін ұрлап, айдап кеткен күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабының 1-бөлігімен (Автокөлікті заңсыз айдап кету) қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу басталды.