Алматыда жойқын жер сілкінісі болуы мүмкін бе?

Алматыда жойқын жер сілкінісі болуы мүмкін бе?
сурет: Аlmaty.tv

Алдағы аптада 3 баллға дейінгі аздаған тербелістер болуы мүмкін.

Биыл Алматыды болжамдық полигонның аумағында күшті әрі жойқын жер сілкінісі күтілмейді. Бұл туралы брифинг барысында Сейсмология институтының директоры Дәулет Сәрсенбаев айтты, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.

«2023 жылы Алматы болжамдық полигонының аумағында 0,7 ықтималдығымен Мѕ 5,6 магнитудасы, MSK-64 шкаласы бойынша 7 және одан жоғары қарқындылығы бар күшті жер сілкінісі күтілмейді», - деді спикер.

Ол сондай-ақ қала тұрғындарын үрейге бой алдырмауға шақырды.

«Түркия мен Сириядағы жойқын жер сілкіністерінен соң, Тәжікстан, Италия мен басқа да елдерде тіркелген сейсмикалық оқиғалардан соң, ел азаматтарын сабырға шақырып, БАҚ-та айтылып жататын дүрбелең мен арандатушылық шабуылға бой алдырмауға шақырғым келеді. Қала тұрғындарына биыл Алматы болжамдық полигонының аумағында күшті және жойқын жер сілкінісі күтілмейді.

Бүгін бізде болжамдық комиссияның отырысы өтті. Жиынның қорытындысы бойынша Алматы қаласы мен Алматы облысы аумағында күшті әрі жойқын жер сілкінісі болмайды деген пайымға тоқтадық. Алдағы аптада біздің өңір үшін қалыпты жағдай болып саналатын 3 баллға дейінгі шамалы тербелістер болуы мүмкін», - деді Дәулет Сәрсенбаев.

Бүгінде Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары кіретін болжамдық полигонның аумағында 47 станция жұмыс істейді.