Алматыда құрылысы аяқталмаған көп қабатты екі үй бұзылады

Алматыда құрылысы аяқталмаған көп қабатты екі үй бұзылады
Сурет: Spot.uz

Оның орнына сквер салынуы мүмкін. 

Алматының «Зерделі» шағынауданында қисайып кеткен көп қабатты 7 үйді қайта қалпына келтіру жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Сондай-ақ салынып бітпеген көп қабатты 2 үй бұзылады. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Зерделі» шағынауданында проблемалы 32 үй болған. Бүгінгі күнге іргетасы нығайтылмаған көп қабатты 7 үй қалған еді. Олар жыл соңына дейін қайта қалпына келтіріледі», - деді Ерболат Досаев Алатау ауданы тұрғындарымен кездесу барысында.

Айтуынша, нығайту жұмыстары «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының» жобалық шешімдеріне сәйкес қатаң түрде жүріп жатыр.

«Сонымен қатар осы аудандағы құрылысы аяқталмаған көп қабатты 2 үйді бұзу туралы «ҚазҚСҒЗИ» АҚ-ның қорытындысы бар. Мердігермен шартқа қол қойылды, жыл соңына дейін бұл үйлер бұзылады. Осы жерде тұрғындар талқылауынан кейін сквер салынады деп ойлаймыз»,- деді шаһар басшысы.