Алматыда ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына түсуге құжаттарды қабылдау басталды 

Алматыда ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына түсуге құжаттарды қабылдау басталды 
Сурет: Almaty-akshamy.kz. 

*
*
Оқуға қажетті құжаттарды тапсыру 26 маусымға дейін жалғасады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Айгерім Абилова айтып берді, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz. 

Мемлекеттік басқару академиясы - Қазақстандағы жұмыс істеп тұрған мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дамуы мен білім алуына жауапты жалғыз жоғары оқу орны. Академия жұмысы мемлекеттік аппарат кадрлары мен кәсіби басқарушыларды даярлауға бағытталған. 

«Биыл 6  магистрлік, 3 докторлық бағдарлама бойынша және өндірістен қол үзбей оқуға болатын 2 модульдік бағдарлама бойынша үміткерлерді қабылдау жүргізіледі» - деді Айгерім Абилова. 

Құжаттарды қабылдау магистратура бағдарламалары бойынша жүзеге асырылады:

- бір жылдық күндізгі оқу – «Мемлекеттік басқару (МРА)», «Адам ресурстарын басқару (MHRM»), «Өңірлік даму (MRD)»;
- бір жарым жылдық күндізгі оқу – «Мемлекеттік саясат (MPP)», «Экономика (ME)», «Халықаралық қатынастар (MIR)»;
- мемлекеттік қызметші болып табылмайтын тұлғалар үшін өндірістен қол үзбей бір жылдық модульдік оқыту: «Мемлекеттік басқару (ЕМРА)», «Өңірлік даму (MRD»).

3 жыл оқу мерзімімен докторантураға қабылдау «Мемлекеттік басқару (DPA)», «Халықаралық қатынастар (DIR)», «Экономика (DE)» бағдарламалары бойынша жүргізіледі.

ӨКҚ спикерінің сөзінше, биыл мемлекеттік қызметшілерді даярлауға магистратура бойынша 120 грант, докторантура бойынша 12 грант бөлінді. 

Мемлекеттік тапсырыс бойынша түсу үшін мемлекеттік қызметте кемінде екі жыл, магистрлік бағдарламалар үшін және докторлық бағдарламалар үшін кемінде 5 жыл еңбек өтілі болуы қажет.

Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша түсушілер үшін міндетті талап -  мемлекеттік органның басшысы қол қойған жолдама болуы керек.

«MPA - Мемлекеттік басқару» бағдарламасына назар аудару керек. Мұнда мемлекеттік қызметшілердің келесі санаттарының басшылық лауазымында кемінде екі жыл өтілі бар басшылар арасынан үміткерлер қабылданады:


- саяси мемлекеттік қызметшілер, «А» корпусы, «Б» корпусы (А-1, А-2, А-3, В-1, В-2, В-3, С-1, С-2, С-3, С-О-1, С-О-2, С-О-3, D-1, D-2, D-3, D-О-1, D-O-2, Е-1, Е-2), құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардың басшылық лауазымдары; 
- немесе квазимемлекеттік секторда не жеке секторларда кемінде үш жыл еңбек өтілі бар тұлғалар қабылданады.

«Халықаралық қатынастар - Master of International Relations» білім беру бағдарламасына түсуге ниет білдірген үміткерлер үшін мынадай талаптар қойылады:

-үміткер ҚР Сыртқы істер министрлігінің, не халықаралық ынтымақтастық мәселелерімен байланысты орталық мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелерінің және олардың аумақтық бөлімшелерінің, жергілікті атқарушы органдарда жұмыс істеп жүрген мемлекеттік қызметшілер болуы тиіс;    


-аталған Министрлікте немесе көрсетілген құрылымдық бөлімшелерде мемлекеттік қызметте кемінде екі жыл еңбек өтілі болуы қажет. 

- ағылшын тілін білетіндігін растайтын сертификат көрсеткіші IELTS 4.0 баллдан кем емес, TOEFL IBT 32  немесе TOEFL ITP (LEVEL 1) 343 баллдан кем емес, TOEIC 405 баллдан кем емес, Duolingo English Test 65 баллдан кем емес болуы керек.

Докторантура бағдарламаларының үміткерлері  үшін:

- IELTS 5.5 баллдан кем емес, TOEFL IBT 46 немесе TOEFL ITP (LEVEL 1) 460 баллдан кем емес, TOEIC 550 баллдан кем емес, Duolingo English Test 95 баллдан кем емес; 

-research proposal – зерттеу жұмысы жоспарының жобасын ұсыну қажет.

Сонымен бірге, Академия филиалының басшысы оқуға түсі ережелерінде келесі өзгерістер енгізілгенін айтты: 

- «Халықаралық қатынастар», «Мемлекеттік саясат» және «Экономика» екі жылдық бағдарламалары бойынша оқу мерзімі екі жылдан бір жарым жылға дейін қысқартылды.

- биыл «Мемлекеттік басқару» бағдарламасына құқық қорғау органдарынан және арнайы мемлекеттік органдардан да үміткерлер қабылданады.

- қабылдау науқанының жалпы мерзімі 20 күнге қысқартылды. Қорытынды ақпаратты 5 тамызда жариялау жоспарланып отыр.

- магистратура бағдарламалары үшін сұхбат кезеңін бағалаудың үлес салмағы 70%-ға дейін және докторантура үшін 50%-ға дейін көтерілді. 

Мемлекеттік басқару академиясына оқуға түсу үшін қажетті құжаттар тізімі:

- мемлекеттік органның жолдамасы, мемлекеттік тапсырыс бойынша оқуға түсуге үміткер мемлекеттік қызметшілер үшін;

- жеке басын куәландыратын құжаттың сканерленген нұсқасы;

- жоғары білімі туралы дипломның қосымшасымен бірге (магистратураға түсу үшін), жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы дипломның қосымшасымен бірге (докторантураға түсу үшін) сканерленген нұсқасы.

- мемлекеттік тілді білу деңгейін растайтын сертификаттардың бірі - QAZAQ RESMI TEST (https://www.qrt.kz) немесе ҚАЗТЕСТ (http://kazakhtest.kz) В1 деңгейінен төмен емес, бұл тармақтың шетел азаматтарына қатысы жоқ.

- MIR, DIR, DPA, DE бағдарламаларына халықаралық сертификаттардың бірі (IELTS, TOEFL IBT немесе TOEFL ITP, TOEIC, Duolingo English Test);

- мемлекеттік қызметшілер үшін-жұмыс орны бойынша кадр қызметімен расталған қызметтік тізім; өзге үміткерлер үшін – еңбек қызметін растайтын құжат;

- докторантура үшін - Research proposal (зерттеу жұмысы жоспарының жобасы) – бағаланады;

- өтініш (ЭЦҚ қол қойылған).

Айгерім Абилова қабылдау науқанының негізгі күндеріне егжей-тегжейлі тоқталды.
Өтінімдерді қабылдау процесі 3 айға созылады, яғни 1 сәуірден 26 маусымға дейін жалғасады. Құжаттар Академияның  admission.apa.kz ақпараттық платформасында онлайн форматта қабылданады. 
Іріктеудің алғашқы кезеңі – Аналитикалық эссе жазу 29 маусымда нақты уақыт режимінде өтеді. 

Докторантураға үміткерлер зерттеу жұмысының жоспарын (Research proposal) 26 маусымға дейін жүктеуі керек, жоспарлар 7 шілдеге дейін бағаланады.

Қорытынды кезең – Сұхбат – 1-20 шілде аралығында Академия қабырғасында офлайн форматта өтеді.

«22 шілде күні аралық қорытындыны шығарамыз. Алдын ала қабылданғандардың тізімі жарияланады, ал 5 тамызда келісімшарттарға қол қойылғаннан кейін оқуға қабылдау туралы бұйрық шығарылады», - деп нақтылады А.Абилова.

Сондай-ақ, 1-30 қараша аралығында модульдік магистратураға қосымша құжаттар қабылдауды жоспарланып отырғанын айтты.