Хан Кене – аңыз тұлға!

Хан Кене – аңыз тұлға!
almaty-akshamy.kz

Бір өзі бар халықтың тағдырын арқалаған тұлғалар болады. Ол қазақтың азаттығы, бостандығы, жайбара­қат күн кешуі үшін отаршылдармен тайта­ласты. Қайтпады. Қарсы тұрды. Ерге тән рухын сақтады. Дүниеден хас баһадүр болып өтті. Халқы оған «Хан Кене» деген титул берді.

Шежірелі тарих

Қазақстан аумағында көптеген тарихи оқиғалар болды. Тұран да­ланы ат тұяғымен дүбірлетіп, сан мыңдаған жылдардан бері мекен еткен халықтар болған. Бертін келе ата-бабаларымыздың басына сын­дарлы кездер туды. Бұл – XIX ға­сырдағы патшалық Ресей империя­сына қарсы көтерілістер. Бұл көтерілістердің түпкі негізгі себебі бар.

Қазақ даласының солтүстік-ба­тысынан бекіністер салып, көш­пенділердің малының жайылым­дық жерлерін тарылта бастады. Соның нәтижесінде ел ашуға мінді. Кенесары–Наурызбай қазақ халқы­ның басына біткен ең ірі ұлт азат­тық көтеріліс басшысы болған. Ре­сей әскери тарихының ірі маманы А.И. Иванин қазақ басшысының атына мынадай мақтау білдіреді: «Әділдіктің орнауын талап еткен, Кенесары өлгенше Ресейдің жауы болды. Сондықтан да оны «дала­ның соңғы батыры» деп атасам, өз Отанымның алдында күнәлі емеспін» деген.

Көтерілістер ұлы даланың әрбір өңірінде болып жатты. Тыны­шы кеткен жұрт осы тұста халық арасынан шыққан тұлғаларға иек артты. Олай етпеске амалы да тау­сылған еді. Десек те, қазақ даласы арда ұлдарға кемшін емес-тұғын. Солардың бірі – 1836–1838 жылда­ры Кіші жүздегі Исатай–Махамбет бастаған шаруалар көтерілісі.

Көне әфсана

XIX ғасырда жұрт үшін жанын беріп, қасық қаны қалғанша шай­қасқан батырларды қазақ халқы әсте жадынан шығарған емес. Сон­дай аты аңызға айналған дарабоз­дардың ерлігі атадан балаға, ауыз­дан-ауызға тарай берген. Мұның өзіндік сыры бар. Өйткені, сол оқиғаларды көзімен көріп, ішінде болған адам өзінің ұрпағына жыр ғып айтып жеткізіп отырған. Бас­тапқыда әңгіме, аңыз, жыр боп ай­тыла бастаған.

Мәселен, бір Кенесары хан жа­йында ел арасында қаншама аңыз- әфсаналық дүниелер көптеп кезі­геді. Тіпті, әр өңір оны өз бетінше айтады. Айталық, «Наурызбай– Қаншайым» жырында көне эпос­тардағыдай ерлік пен елдік, батыр­лардың хас сұлуға үйленуі секілді оқиғалар баяндала Қасым ханның билік еткен тұсы, келесі ханның Кенесары болғаны жайлы айтыл­ған.

Тарихи деректерге көз жібертіп оқысаңыз, Хан Кене тұсында, қа­заққа тыныштық бермей бір бүйір­ден шапқыншылық жасаған ол оң­түстіктегі көршілер еді. Ауылдарды шауып, мал-мүлікті айдап әкетіп, қиыншылық көрсеткенін тарихтан білеміз.

Міне, сондай озбырлыққа төз­беген ел өз бетінше қарсыласып бақты. Ол заманда жан-жақтан қыспақ көп еді. Бір шетінен, патша­лық Ре с ей от арлау с аяс атын жүргізіп жатты. Біздің батыс-сол­түстік аймақтарымызға ауыз сала бастады. Ішкі жағымыздан, өз- өзімізді жеп, билік пен мансапқа таласқандар көбейді. Би болуға, старшын, аға сұлтан болмаққа жан­таласты. Осының бәрін көріп-біліп отырған Кенесары жастайынан атқа қонды.

Негізгі тарихи кезеңге қарасақ, Кенесары 1841 жылдан бастан рес­ми таққа отырды деседі. Бар қазақ­тың рулары жиылып, Ұлытаудың бөктерінде ақ киізге отырғызып хан көтерген. Бірақ ел аузындағы тарихи әңгімелерге назар аударсақ, онда ол ағасын өлтіріп, туыстарына зәбір көрсеткен, қала берді, қазақ­тарды қыспаққа алған патша өкі­метіне наразы болған екен. Қарап тұрсаңыз, ол хан көтеруге дейін де бірнеше қарсылықтар жасап жүр­ген.

Кенесарының бейнесі

Қазақ әдебиеті тарихы «фольклорлық кезеңі», I томында «Кене­сары туралы тарихи шығармалар» деген бөлім бар. Мәтінге назар ау­даралық: «Кенесары – идеалды қа­һарман, билік тізгінін мықтап ұста­ған әмірші, күллі қазақты өзіне қаратқан хан. Оның қоластына атақты батырлар жиналған. Олар ханның ордасын мемлекет орталы­ғына айналдырған», – деп айтып келеді де, одан соң: «Кенесары жай ғана хан емес. Ол ел қамын жеген хан. Қазақ елінің еркіндігін, елдігін сақтауға күш салған әмірші. Жұрт­қа өз ойын ашық айтып, бостан­дыққа шақырған көшбасшы» дейді. Екі мәтіннің арасында ешқандай бір айырмашылық немесе тарихи оқиға көрініс бермейді. Бұл арада ұлт қозғалысының басшысы біре­гей көсем жайында айтады.

Нақтырақ баяндар болсақ, Ке­несары ханның образын жұртқа мықты етіп көрсету. Мұнда халық тұл жетім емес екенін және елім, жерім деп ұрандататын арда ұлдар­ға кенде еместігі жайында мәлімет беріп тұр. Жоғарыда айтылған мысалдардың ішінде Кенесарының тағы бір қыры жайында айттық. Оның батырлығы, тапқырлығы, айлакерлігі, көрегенділігі бір төбе. Сонымен қатар, онда үлкен фольк­лорлық қасиет болған. Онда: «Ке­несары – идеалды кейіпкер болған­дықтан, оның бойында тағы бір ерекше қасиет бар. Ол – оның кере­меттігі, көзінің магиясы.

Ол сұқтанып, қатты мән бере қараса, көз тиеді, сөйтіп, оның на­зарына ұшыраған адам жарық дү­ниемен қоштасады. Осы халге Қаншайым сұлу ұшырайды». Бұл жерде назар салып қарасаңыз, фольклордағы «көз тию», яғни ма­гия көрініс береді. Демек, «Кенеса­ры тегін адам емес» деген сөз.

Жыраулық пен батырлық – қанға сіңген қасиет

Сыр бойы – жыраулық өнердің үлкен тамыр жайған өңірі. Бірнеше күн бойы жыраулардың өнерін тамашалаған Кене хан олардың арасынан жырын қобызымен айтқан арқалы Ны­санбай жырауды ұнатып, өз қолымен бірге ала кетеді.

Біздің түсінігімізше, жырау хан қо­сынына оның Жетісуға бет алған ке­зеңінде қосылған болу керек. Өйткені, оның шығармашылығы да басым түрде Кене хан тарихының осы кезеңін ғана баяндайды». Міне, бұл тарихи дерек­терге қарағанда, Нысанбай жыраудың Кенесарыны дәріптеуі осындай таныс­тықтан достыққа ұласқан деп қарауға болады. Жыраудың түсінігінде Кенеса­ры сияқты мемлекетшіл тұлға ел қорға­ны, ал оның қызметі – ұлттық мемле­кеттілікке ұмтылыстың көрінісі. Кене хан халыққа ие билеушілер қатарында, сондықтан да қамқоршы болар ханы жоқ елді жырау «шегірткеге таланған қырғауылға» немесе «жапалақтан сес­кенген жалғыз қазға» теңейді».

Тарихшы ғалым, М.Қойгелдиев осы мақаласында жырды тарихи шын­дық тұрғысынан дәлелдеуге тырысты. Тарихи деректерден Сыр бойы қазақта­рының да қазақтың соңғы ханына ба­рынша қолдан келгенінше көмегін жа­сағанын білеміз. Зерттеуші Р.С.Кареновтың «Нысанбай жырау – «Кенесары–Наурызбай» дастанының туындыгері, қазақ тарихының аса көр­некті тұлғаларының бірі» атты мақала­сында мынандай мәлімет бар: «Нысан­бай жырау Кенесары әскері жеңіліске ұшыраған тұста Кенесары Наурызбай­мен бірге жау қолына түседі. Бұл оқиға туралы орыс зерттеушісі Я.Палферов былай деп баяндаған: «Кенет шатқал тыныштығын домбыра үні бұзды, оған қоса «е..е..Алла...» деп алып басталған қайғылы, жантүршіктірер, Нысанбай­дың сол жерде шығарған жоқтау өлеңі басталды: Еркін жел бүгін тынықсын, Ақындар əнін ұмытсын. Ерке ұлын із­деп жоқтаған, Туған жер зары естілсін. От тиген қалың ағаштай, Жалындап кетті-ау, Кенекем. Жоқтау ұзақ, қайғы­лы түрде айтылып, шатқал-шатқалды, сай-сайды қуалап, кең далаға Кенесары батырдың өлімін естіртіп кете барады. Зар жылаған домбыра үні барлық дү­ниені булықтырады. Тыңдаушылардың қара торы жүзін жас жуды, кейде олар өксіп-өксіп қояды. Бүкіл табиғат осы жұбатуға болмайтын әнмен бірге жы­лап тұрған сияқты». Мәтіннің сюжеті бойынша, Нысанбай жырау Кенесары мен Наурызбайдың жау қолына түсіп қалғандығын жырлап бастайды. Жыр­дың соңында фольклор ғылымындағы «жоқтау» жанры көрініс табады. Мұнда Нысанбай жыраудың «Кенесары–Нау­рызбай» жырындағы жоқтауы ең әйгілі һәм осы күнге дейін ел есінде сақтал­ған ескі нұсқасы деуге болатындай.

«Фольклордағы Кенесары – халық­тың «әділ де, мінсіз патша» туралы об­разы. Оның бойында ханда болуға тиісті ізгілікті қасиеттің бәрі жинақтал­ған, халық қиялындағы, ел арманында­ғы ханның бейнесі көрініс тапқан». Осы «Тәуелсіздік және фольклор» кіта­бында Хан Кененің батырлық пен ел­жандылық бейнесін ашып көрсетеді.

Тарих қатпарлары болашақпен үндеседі

Жоғарыда Кенесарыны арқау етіп, біраз тарихты көрсетуге тырыстық. Онда батырлардың ерлігі мен оны ха­лыққа паш ете білген жырауларды да мақаламызға тұздық еттік. Өйткені, сол жыраулар арқасында бүгінгі ұрпақ өз ата-бабаларының туған ел үшін аянбай ерлік көрсеткенін білуде. Міне, мақала­ның негізгі айтпақ ойы да, қорытынды­ламақ тұжырымы да жырдың шынайы өмірде болғанын айтып жеткізу бола­тын. Біз тарихи шындықтың бір пара­сын ғана айттық. Қалғаны болашақтың еншісінде.

Жюль Верн мен Кенесары хан

Хан Кененің қайғылы қазасы мен соғыспен өткен өмірі көптеген өлеңдер мен романдарға арқау болды. Ол халық батыры, қазақтың соңғы ханы, тәуелсіздікті арман еткен тұлға. Ресей империясы мен Кеңес өкіметі тұсында Хан Кене туралы жазғандар қатаң жазаланып, халық жауы деп жарияланды. Соңғы ханды жұрт оның туған даласында ғана емес, басқа мемлекеттерде де танып-біліп жатты. Әлемге әйгілі жазушы Жюль Верн өзінің кейіпкерлерінің бірін Хан Кенеге ұқсатып жазған. Татар ханы Феофар – Кенесары Қасымов Батыс оқырмандарына осындай атаумен белгілі болды. Неліктен татар? Өйткені, Жюль Верннің жас кезінде Шыңғыс ханның «татар» ұрпағы Ресей империясына қарсы шықты деген әңгіме Еуропаны дүр сілкіндірді.

Шытырман оқиғалы романдардың классигі «Михаил Строгов» шығармасында Кенесары Қасымов бастаған қазақ халқының отаршылдыққа қарсы күресін бейнеледі. Жюль Верн Қазақстанда ешқашан болған емес, бірақ бұл оның көшпелі халық туралы шытырман оқиғалы романын жазуына кедергі болмады. 1876 жылы жарық көрген «Михаил Строгов» (немесе «Патшаның курьері») саяси себептермен Ресей империясында да, Кеңес Одағында да танымал болмады. Сюжет бойынша Ресейге бағынған Түркістан өлкесінің көшпелілері бүкіл Сібірді шарпу қаупін тудырған көтеріліс бастады. Патша бұйрығымен шабарман Михаил Строгов Сібірге баруы керек. Ол Иркутскіге барып, жергілікті губернаторға татар отрядтарын басқаратын сатқын Иван Огарев дайындап жатқан қастан­дық туралы ескерту керек. Сібір ауылында Строгов Надя есімді қызды кездестіріп, оған бірден ғашық болады. Патшаның шабарманы мен жас қызды татарлар тұтқынға алады. Михаил Феофар ханның үкіміне сәйкес, татар заңдары бойынша, қызған қылышты көз алдынан өткізгеннен кейін соқыр болады.

«Хан шатырының алдында асыл тастармен әшекейленген ағаш үстел болды. Үстел үстінде алтын парақтары жұқа қасиетті Құран Кәрім ашық жатыр. Әмірдің қолдарымен төрт өріске бөлінген шатырдың үстінде ту желбі­реді», – деп Жюль Верн Феофар ханның штаб-пәтерін сипаттаған.

Шыққаннан кейін бір жылда роман 10 тілге аударылды. Романның танымал болғаны сонша, француздар ара­сында тіпті «Строгов сияқты керемет» деген сөз пайда болды. Роман бойынша 20-ға жуық фильм түсірілді, бірақ тек Батыста. Ресейде алғаш рет роман 1900 жылы жарық көрді. Оның алғашқы редакторы Иван Тургенев болды. Алайда, бірінші басылым қатты қысқартылып, бұрмаланған. Таңқаларлық емес, өйткені Феофар ханның прото­типі Ресей жек көретін «бүлікші» болды. Феофар да Кенесары сияқты жау алдында тізе бүкпеген, жеңілмеген жауынгер болып қала берді. Ал оның болмысы еуропалықтарға беймәлім Азияның бейнесі еді. Сондықтан «Михаил Строгов» кітабы жарық көргеннен кейін де көп жылдар бойы өзінің танымалдылығын жоғалтқан жоқ.

Наргиз РАХИМЖАН