Алматыда қоқыстарды сұрыптау кезінде аңшы мылтығы табылды

Алматыда қоқыстарды сұрыптау кезінде аңшы мылтығы табылды
Сурет: Polisia.kz

Алматыда қоқыстарды сұрыптау кезінде аңшы мылтығы табылды, – деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz. 

Полицияға қоқыс сұрыптайтын зауыттан дабыл келіп түсті. Абоненттің айтуынша, металл бұйымдар қоймасынан қару табылған. Оқиға орнынан жедел-тергеу тобы ТОЗ-12 маркалы 12 калибрлі мылтықты тәркіледі. Бұл дерек бойынша тергеу басталды. Сараптама тағайындалды, оның қорытындысы бойынша қарудың кімдікі екені және қайдан алынғаны анықталатын болады. Полиция қазіргі уақытта өткізіліп жатқан кең ауқымды республикалық “Құқықтық тәртіп” іс-шарасы аясында азаматтық және қызметтік қару иелері мен пайдаланушыларының қару айналымы ережелерін сақтауына қатысты тексеріс жүргізіліп жатқанын еске салды.

– Іс-шара басталғаннан бері қаруды сақтау ережелерін бұзудың 190-нан астам дерегі анықталды. Сонымен қатар заңсыз айналымнан 8 бірлік тіркелмеген қару, сондай-ақ тегіс ұңғылы қарудың патрондары тәркіленді. Аталған деректер бойынша тиісті полиция бөлімдерімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Алматы полициясы қару иелерін азаматтық және қызметтік қару айналымы саласындағы заңнама талаптарын мүлтіксіз сақтауға, рұқсаттардың қолданылу мерзімін және оларды тұрғылықты жері бойынша сақтау ережелерін қатаң сақтауға шақырады, –  деді Алматы қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Асхат Құлбаев.