Алматыда халықтың әлеуметтік осал топтары үшін атаулы көмек көлемі ұлғаяды

Алматыда халықтың әлеуметтік осал топтары үшін атаулы көмек көлемі ұлғаяды
Сурет: ашық дереккөз

Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин мәслихаттың кезектен тыс XII сессиясында мәлім етті, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz. 

Оның айтуынша, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тұрғын үй төлемдері мен атаулы көмек көлемін ағымдағы жылы 7,2 млрд теңгеден 2024 жылы 10,9 млрд теңгеге дейін ұлғайту ұсынылып отыр.

16,5 млрд теңге сомасына мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік көмек көрсету ұсынылады. Бұл жеке көмекшілердің, қимылмен түсіндіретін тіл мамандарының қызметтерінің төлемі және көмекші техникалық құралдарды сатып алу. 

Қала әкімінің тапсырмасы бойынша келесі жылы 2 215 теңге көлемінде өтемақы халықтың әлеуметтік осал топтарының 8 санатына (ХӘОТ) төлеу жалғасады. Жалпы шығыстар 4,2 млрд теңгені құрайды. Бұл қаражат "инвестицияларға айырбастау тарифі" бағдарламасы аясында коммуналдық қызметтер тарифтерінің өсуін өтейді.

Сонымен қатар, әлеуметтік қызметтер орталықтарының, 14 белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының, 9 "Бақытты отбасы" орталықтарының (көпбалалы аналар үшін), 15 "Шыңға өрлеу" (аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушылар үшін) жұмыс істеуі үшін, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар секторындағы басқа да жобаларға 14 млрд теңгеден астам қаражат жоспарланған.