Риддерде үйлердің ауласын су басты

Риддерде үйлердің ауласын су басты
Сурет: интернеттен

Хайрузовка өзенінде су деңгейі көтеріліп кеткен.

Соның кесірінен 2023 жылғы 8 желтоқсанға қараған түні Киров, Өскемен және Хариузовский көшесі бойындағы жеке сектордың төрт ауласын су басты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Осыған байланысты Риддер қаласының төтенше жағдайлар бөлімі мен жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері жеркілікті тұрғындарды хабардар етті.

Эвакуация жасауға Құтқарушы күштер мен құралдар дайын.

"Халықты уақытша орналастыру үшін Риддер әкімдігі Риддер колледжі ғимаратында жедел түрде уақытша орналастыру пунктін дайындады.Тұрғындар эвакуациялаудан бас тартты. Риддер әкімдігі мен Шығыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары аулалар мен үй маңындағы суды сору үшін мотосорғылар қолданды, мұзды тазалап, өзен арналарына қарай еңіс жасау үшін арнайы техникалар тартылды", деп мәлімдеді ШҚО ақпарат орталығының баспасөз қызметі.

Сонымен қатар қала әкімдігі мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдар арасынан келтірілген залалды бағалау үшін комиссия құрды.

"Төтенше жағдайдың салдарын жоюға жергілікті әкімдіктен, ШҚО төтенше жағдайлар департаментінен және полиция департаментінен барлығы 20 адам мен 7 техника, 2 мотопомпа жұмылдырылды. Мониторинг жүргізілуде", – деп хабарлады жергілікті әкімдік.

Ведомство жағдай бақылауға алынғанын, келтірілген шығынды анықтау үшін комиссия құрылғанын хабарлады.

Риддер қаласын сумен, жылумен, электрмен қамту толық көлемде қамтамасыз етілген. Оқиға орнына Шығыс Қазақстан облысының әкімі мен облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы аттанды.