Алматыда келесі жылы 24 субұрқақ қайта жаңғыртылады

Алматыда келесі жылы 24 субұрқақ қайта жаңғыртылады
Сурет Алматы қаласы әкімдігі

Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасы 24 субұрқақты реконструкциялау жобасын әзірлеп жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Біз қаланың коммуналдық меншігіндегі қайта жаңғыртуды қажет ететін субұрқақтардың тізімін жасадық. Бұл Сац атындағы балалар мен жасөспірімдер театры, цирк, қалалық әкімдік, Республика алаңына қарама-қарсы, Жамбыл ескерткіші мен «Медеу» БТСК жанындағы және т.б. субұрқақтар. Бұл жоба 2024 жылы жүзеге асырылады», - деді Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасы жайлы қалалық орта бөлімінің басшысы Ернар Бөкешов. 

Алматыда 150 субұрқақ бар, оның 65-і қаланың балансында, қалғаны жеке меншікте. Осы жылы ҚБТУ-дың артындағы «Солтүстік» сквердегі субұрқақ реконструкциядан өтті. Былтыр Оқушылар сарайының алдында «құрғақ» субұрқақ ашылды, ал биыл жыл соңына дейін «Слава аэропорта» скверінде «құрғақ» субұрқақ ашу жоспарланған.