ӘКЕ мен БАЛА

ӘКЕ мен БАЛА
ӘКЕ мен БАЛА

 Сырбай Мәуленов – 100

 Биыл ақиық ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Александр Фадеев сыйлығының және Қазақ ССР Абай атындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Қазақ әдебиеті» газетінің, «Жұлдыз» журналының редакторы болған қаламгер Сырбай Мәуленовтің туғанына 100 жыл толды. Соған орай, біз бүгін әке жаққан отты өшірмей, есімін ұлықтап жүрген ұлы – заң ғылымының докторы,  профессор, ғылым саласы бойынша Шоқан Уәлиханов атындағы жүлденің лауреаты, Индиана университеті (АҚШ) заң мектебі Фулбрайт бағдарламасының стипендиаты Қасым Мәуленовпен сыр-сұхбат құрдық.

 

Халық жазушысының көмекшісі

– Қасым Сырбайұлы, сіз әкеңізбен рухтас болғаныңызды, әлі күнге сағынатыныңызды, іздейтініңізді ылғи айтып жүресіз. Әкеден не үйрендіңіз, не алдыңыз?

– Ол рас, әкемнің орны әлі күнге ойсырап тұрады. Ортамыздан кеткеніне, міне, отыз жылға таяп қалса да, әкеммен жанымның егіз болғандығы соншалық, әлі күнге еске алып, жанарыма үйіріле кететін ыстық жасымды сырт көздерден қымсынып жасырып та жатпаймын. Біз өте жақын болдық. Ол мені «Қазақстанның халық жазушысының көмекшісі» дейтін. Сол қолы іске мүлдем жарамсыз болатын, соғыс салған жарақаттың зардабы. Сондықтан сегіз жасымнан сақалын қырып беретінмін. Әкемнің бетіндегі өмір бедерлеген әрбір әжімінің сызығына дейін таныс әрі ыстық болатын.

Әкем маған кез келген ойымды қағазда шашыратпай, әдемі түсіре білуді үйреткен. Университетте алғаш сабақ бере бастаған күндерімнен-ақ тарихқа қатысты, маған қажет деген құнды деректерді іздестіріп, керекті әдеби мәліметтері, сілтемелерді тауып беріп отыратын.

Әкем екеуміз Британ кітапханасы туралы жиі әңгімелесетінбіз. Соның әсері болар, бірде Лондонға жол түскен сапарымда, бара салып бірден әйгілі кітапханаға жазылдым. Ондағы өткен бір ай мерзім ішінде, қызығы сол, әкем ылғи жанымда отырғандай, менімен бірге қолға алған кітаптарымның бәрін парақтап отырғандай әсерде болатынмын. Ол – Байронды, Гетені, Шиллер мен Мицкевичті, Пушкин мен Лермонтовты, Некрасов пен басқа да әлемдік деңгейдегі классиктерді қазақ тілінде өте сауатты, еркін сөйлеткен кісі. Бүгінгі күндері Сырбай Мәуленовтің кітаптары АҚШ Конгресі мен Британ кітапханаларының сөресінде тұр. Бұл да мен үшін мақтаныш.

Мен әкемнен адамзат рухының ұлылығына және оның шексіз мүмкіндіктеріне сенуді, әлемнің мәңгілік сұлулығына табына білуді үйрендім. Әкем мені барлық адамға қайырымды болуды, қамыққан жанға сүйеу бола білуді үйретті, сондай-ақ, жастарды ылғи демеп жүруді, олардан мақтауды аямауды үйретті. Кез келген мақтау енді өсіп келе жатқан жас өскінге шабыт береді екен ғой, соны түйсіндім. Міне, әкем сыйлаған осы бір адами құндылықтар менің өміріме үнемі бағдаршам іспеттес болып тұрады.

 

Сезім селі

– Қалам мен қағазды серік еткен лирик ақын-әкенің шабытты сәттері есіңізде ме? Ол кісіні көбіне не қанаттандырушы еді?

– Әкеме өз жазғандары ұнамайтын болуы керек, өлең жолдары түсірілген ақ парақтарды лақтырып не жыртып тастайтынын жиі көруші едім. Ал анам әлгі қағаздарды алақанына түгел жинап алып, оларды ерінбей-жалықпай бір-біріне желімдеп қойып, күндердің күнінде уақыт өте келе, сол қағаздарды әкеме көрсететін. Көрсетіп қана қоймай, кей өлең жолдарындағы мағыналы тұстарына пікірін қосып, қайта шабыттандырып қоюшы еді.

Иә, әкемнің өлеңдерінің ең алғашқы рецензенті анам болатын. Әкемнің анама айлы түндерде өлеңін оқып беріп отыратынын бала да болсақ талай көргенбіз. Біз осылай бір-бірін қадірлей, қолдай білген, риясыз сүйген ата-ананың құшағында мейірімнен кенде болмай өскен баламыз.

Әкем бір орнында отырып жұмыс істеуге дағдыланбаған кісі еді. Күн-түн ыңылдап, ойланып жүреді екен де, бір күні ақтарылады дейтін анам. Кейде табанасты отыра қалып нөсер құйып өткендей селдетеді екен. «Мұндай сәттерде тордағы арыстандай арпалысып, әрлі-берлі теңселіп кететін, бір үйді бір өзі толтырып отыратын. Өлең шіркін кәдімгі таудан құлаған бұлақтай арындап, сарқырап төгіліп жататын. Осындай бір шырынды, шабытты шақтар Сырекең өмірінде көп кездесетін. Өлеңді екпіндетіп, тасқындатып оқитын», – дегені бар бірде анамның.

Әкемнің шығармашылық жолында майдан лирикасы ең алдыңғы орындарда тұрды. Оның бірқатар айтулы поэмалары да сол майдан даласында, нақтырақ айтсақ, Ленинград түбіндегі Синявинск шыңдары майданында туған. Олардың қатарында менің аяулы анам Күлжамалға деген сырлы сезімін білдірген өлеңдері де болған.

 

«Дүние емес, дос жиды»

– Шығармашылық адамы, әрине, сол ортамен біте қайнасып жататын тұлға. Әкеңіздің өз тұстастарымен, қаламдастарымен қарым-қатынасы, олардың ортасындағы беделі қандай еді?

– Менің әкем дүние емес, дос жинаған адам. Әлі есімде, әр аптаның соңына қарай, яғни жұма сайын әкемнің достары – Мұзафар Әлімбаев, Әди Шәріпов, Жұбан Молдағалиев, Әбу Сәрсенбаев, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Қабдыкәрім Ыдырысов, Қасым Тоғызақов, Серік Қирабаев, Ғафу Қайырбеков, Жәрдем Тілеков, Әнуар Әлімжанов, Қуандық Шаңғытбаев, Балғабек Қыдырбекұлы, Ғаббас Жұмабаев, Сафуан Шаймерденов, Тұманбай Молдағалиев, Шерхан Мұртаза және басқа да ағалар біздің үйге қонаққа келетін. Тіпті, кейбірінің дүйсенбіге дейін қонып қалатыны есімде. Анам олардың жейделерін жуып кептіріп, аяқкиімдерін сүртіп тазалап, ал біз шалбарларын үтіктеп беріп, дүйсенбі бәрін бірге сергек қалпында жұмысқа шығарып салатынбыз. Анамның жайған дастарханынан дәм татып, бір қабақ шытпастан ұсынатын кесесінен талай мәрте ыстық шәй ішкен осы жас ақындар мен жазушылардың көбі кейін қазақ әдебиетінің классиктеріне айналды.

Әкем интернационалист адам болатын. Оның Сергей Наровчатов, Вадим Кожевников, Сергей Михалков, Евгений Евтушенко, Мустай Каримов, Давид Кугультинов, Берды Кербабаев, Шыңғыс Айтматов, Платон Воронько, Мұхтар Әуезов, Жұбан Молдағалиев және басқа да іргелі ақын-жазушылармен достығы мықты болған. Қаламдастары бас қосқан кез келген үлкенді-кішілі басқосуларда бәрін күлкіге көміп, айналасына шуақ шашып отыратын қасиетін де мақтанышпен айтып кеткім келеді. Иә, менің әкем өмірдің бар өлшемі мен қадірін достықпен бағалаған жан. Соның арқасында үйімізден бекзат кісілер үзілмеді. Талай тұлғаның қолына су құйдық. Біз үшін бұл өмір, өнеге, оқу, тағылым мектебі болды.

Әдетте, аса дарынды адамдардың өмірде қарапайым, ұсақ-түйекпен ісі жоқ болатыны, пендешілік атаулыдан биік тұратыны, күйкі тірліктің ызыңын місе тұтпайтыны, шаруаға қыры жоқ екені белгілі. Әкем де сондай қызық жан еді. Өмірбақи газға от жағып шәйнек қоюды білмеген, дүкенге аяқ баспаған, есікті де өзі ашпаған, тіпті өзіне кісі болып бір жейде сатып алмаған. Оны мұндай күйкі тірлікке араластырмаған, әрине, менің бекзат болмысты анам ғой.

 

Ахмет Байтұрсынұлының немересі

Қасым Сырбайұлы, анаңыздың Ахмет Байтұрсынұлының немересі екені рас па? Осы жөнінде толығырақ тарқата отырсаңыз?

– Бала күнімде әкемнен атам (Сырбай Мәуленовтің әкесі – Тай Мәуленов) туралы көп сұрайтыным есімде. Ал анамның әкесі, туған-туысы жайлы сұрау біздің отбасында жабық тақырып болатын. Нағашы атам Әмір Қалиев «халық жауы» атанып, Сібір жерінде ГУЛАГ-та қайтыс болған деседі. Тек 1997 жылдың аяғына қарай ол туралы нағыз шындықты білдім. Дәлірек айтсам, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасына жолдап сұрау салған хатыма ресми түрде жауап алдым. Онда Ахмет Байтұрсынұлының немере інісі – нағашы атам Әмір Қалиевтің ақталғандығы туралы мәлімет көрсетілген болатын. Әмірдің әкесі – Қали Байтұрсынұлы Ахмет Байтұрсынұлының ең үлкен туған ағасы. Міне, шешем Күлжамал Әмірова осылайша Ахмет Байтұрсынұлының немересі болып келеді.

Нағашы атам Әмір 1929 жылы Қостанай округіндегі көтеріліске қатысқаны үшін түрмеге жабылған. Қостанай даласындағы сол бір көтеріліс сол дәуірдегі Кеңес өкіметіне бойұсынғысы келмеген қазақ ұлтының рухты мінезін көрсетсе керек. Бұл көтерілістер мемлекет және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы сынды Алаш азаматының есімімен де тығыз байланысты. 1929 жылы Ахмет Байтұрсынұлы Қостанай округіндегі көтерілісшілерге арнап жазбаша түрде мәлімдеме жасайды. «Орыс шаруаларына көп жеңілдік қарастырылған. Мысалы, жеке ауыл шаруашылығы салығын, мәжбүрлеп нан жинатуды алып тастау және т.б. Жалпы, орыстар талап еткен құқықтарына қол жеткізді. Ал біз, қазақтар, әлі күнге үреймен, қорқынышпен өмір сүріп келеміз. Бұлай жалғаса берсе, біздің құр сүйегіміз ғана қалады. Сондықтан қазірден бастап халықты колхозға жазылмауды үгіттеу керек. Колхоздан кейін бәрі коммунхозға бірігеді, сонда өзімізден ештеңе де қалмайтын болады. Яғни жекеменшік деген ұғым мүлдем жойылады. Осы күнге дейін осыншама колхоз бірікті деп ақпарат таратып жатқан газеттерге сенбеңіздер. Бәрі жалған. Мұны коммунистер елдің ішіне іріткі салып, арандату үшін айтып отыр. Әртүрлі өкілетті органдардың және аудан агенттерінің сөздерін бас шұлғып мақұлдай бермей, олардан нан, басқа да тауарлар беруді талап ету керек. Осы жылы (1929 жыл) көздеген мақсатқа оңай жетуге болады. Өйткені, большевиктер көтерілісшілерге қысым көрсетейін десе, жан-жақтан жаппай бас көтеріп жатқан қостанайлық орыс мұжықтарынан да тартынып отыр. Осы сәтті оңтайлы пайдаланып, ашық әрекетке көшкен жөн. Бірақ аса сақ болған дұрыс, ешкімді мертіктірмеу керек. Әйтпесе, олар қарулы әскер шығарып, халыққа сес көрсетіп таратып жіберуі мүмкін. Ол кезде ұйымдасу, бас біріктіру қиынға соғып қалады. Кеңес өкіметі көп ойланып жатпастан алдымен қатал заңдарын өзгерте бастайды. Сол тұста біз өкіметті өз қолымызға ала қоямыз», – дейді Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы. Міне, Қазақстан тарихында осы тектес әлі де аз зерттелген, терең зерделеуді қажет ететін тарихи деректер бар.

Шешем 1934 жылдан 1937 жылға дейін Ахмет Байтұрсынұлының отбасында тұрған. Сырқат Ахмет пен оның зайыбы Бадрисаның жанында болып, екеуіне күтім жасайды. Шешем бала да болса сол кездегі НКВД жендеттерінің Ахмет Байтұрсынұлының үйіне жиі-жиі жасалатын тінту жұмыстарын ешқашан ұмытпағанын, бәрі көз алдында екендігін бізге әңгімелеп отыратын.

 

Жүрегімнің түкпірінде

– Қазақстанның халық жазушысы Сырбай Мәуленовтің атын мәңгілік ету жолында бүгінгі күні қандай игілікті іс-шаралар атқарылуда? Әңгімемізді осы сауалға берер жауабыңызбен түйіндесек.

– Анам өмірінің әр сәтін, әр минутына дейін әкеме және бізге арнаған ең аяулы жан еді. Сол кісінің табандылығының, әкемнің мұрасына деген жанашырлығының арқасында Қазақстан Үкіметіне де хат жолдады, министрліктердің де есігін қағудан, табалдырығын тоздырудан шаршамады. Алматы қаласы мен облыстардың әкімдерінің қабылдауына да жазылды. Нәтижесінде елімізде әкемнің атымен ашылған мектептердің, көшелердің салтанатты жиындарының төрінде отырды. Мектептер ішінен Сырбай Мәуленов атындағы музейлердің ашылуына мұрындық болды. Әкемнің шығармаларының басын біріктіріп, бірталай кітап та басып шығарды. Анам, әсіресе, шефтік қамқорлығына алынған мектептердің оқушыларына, олардың алып жатқан біліміне көп көңіл бөлді. Бүгінгі күні Қазақстанның төрт қаласында, атап айтсам, Алматы, Қостанай, Арқалық және Қызылордада әкемнің атымен аталатын көшелер бар.

Әкем көз жұмған соң, 1993 жылы «Қазақстанның халық жазушысы, Александр Фадеев сыйлығының және Қазақ ССР Абай атындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сырбай Мәуленов атындағы қор» құрылды. Оның президенті, тізгіншісі де өзім. Қордың эмблемасынан әкемнің «Лашын» (құс) деген бүркеншік атауының орын алғаны да мен үшін мақтаныш. Бүгінде мен де өзімнің кейбір жекелеген ғылыми мақалаларымның соңына «Лашын» деп қол қоямын. Себебі, өмірімнің айнымас бір бөлшегі болып кеткен марқұм әкемнің есімі үнемі жадымда жүрсе, жүрегімнің түкпірінде болса деймін. Мен Сырбай ақынның ұлы екендігімді мақтан етемін! Сұрапыл соғыстан да аман қалып, елге оралып, Дүйсен, Жеңіс, Бейбіт, Ғазиз есімді бауырларыма, Бақытжамал мен Сақыпжамал есімді әпкелеріме өмір сыйлағандығы үшін де ризамын. Біз бір құрсақтан жетеу едік. Өкінішке қарай, үлкен екі ағам мен кенжеміз өмірден өтіп кетті. Қалған перзенттері әке жолын жалғап келеміз.

– Әсерлі әңгімелеріңіз үшін рахмет!  

 Сұхбаттасқан  Нұржамал ӘЛІШЕВА.