Алматыда қажылыққа жолдама алғандар алданып қалған

Алматыда қажылыққа жолдама алғандар алданып қалған
Сурет: Ktk.kz

Туристік компанияға қатысты тергеу басталды.

Алматыда бір топ азамат «Кәусар тревел» турфирмасына алдандық деп арыз жазған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

Телеарнаның мәліметіне сәйкес, қажылық пен умраға апаратын туристік компанияға 300-ден аса адам алданған. Басым бөлігінің Мекке мен Мәдинаға ұшу мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен. Енді өзгелері турфирманың былығы көп екенін біліп, қомақты қаражатын қайтарып беруді талап етіп отыр. Алданған адамдардың әрқайсы жолдаманы 500-600 мың теңгенің төңірегінде сатып алыпты. Бәріне бірдей осындай төленді деген бір жапырақ қағаз ғана ұстатқан.

«Кәусар тревелдің» әлеуметтік желіде тұрған нөмірі өшірулі. Сөйтсе, компания ешбір жерде тіркелмеген, не лицензиясы жоқ.

«Умра мен қажылыққа апаратын компаниялар да «Туристік қамқор» қорының тізімінде тұрады. Осыған назар аудару керек. Ал «Кәусар тревел» компаниясы тізімде жоқ. Тіркелмеген. Тұрғындар қызмет көрсетудегі заң бұзушылыққа тап болған сияқты. Бұл компанияға жүгінер алдында туристік кодты талап етуіңіз керек еді», - дейді «Туристік қамқор» қорының төрағасы Инна Рей.

Алданғанын кеш түсінген жұрт полицейлерге жаппай арыз жазды. Тәртіп сақшылары осы компанияға қатысты тергеуді бастады.

«Алматы ПД, Медеу ауданы ПБ-на бір күн бұрын екі адам арызданса, бүгін тағы сегіз жәбірленуші арыз жазған. Мән-жайы жан-жақты зерделеніп, ҚР заңнамасына сәйкес, одан әрі шара қолданыла отырып, құқықтық баға берілетін болады», - дейді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.