Алматыда қант бағасы қатаң бақылауда - әкімдік

Алматыда қант бағасы қатаң бақылауда - әкімдік
Сурет: Kz.otyrar.kz

Алматы қалалық әкімдіктің мәліметінше, мегаполисте қант тапшылығы мен оның бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін жедел шаралар қабылданды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

«Нәтижесінде бүгінде нарықта қанттың құны статистика бойынша соңғы уақытта 2%-ға арзандады», - деп түсіндірді Алматы қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасынан.

Сонымен қатар, көтерме жеткізушілердің көмегімен қалаға қосымша 2,8 мың тонна қант әкелінді. Сондай-ақ, «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ қалаға 136 тонна (2 вагон) қант бөліп, «ТойМарт» желісінде сатылуда.

«Қазіргі таңда бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін сауда желілері, базарлар мен сауда орындарына мониторинг күшейтілді. Үй жанындағы дүкендерге қантты тікелей жеткізуді ұйымдастыру үшін сенім телефоны іске қосылды. Осылайша, нарықтағы жағдайды тұрақтандыру, халықты қантпен қамтамасыз ету және шекті рұқсат етілген бағаны ұстап тұру үшін барлық қажетті шаралар қабылданды. Қант бағасы қатаң қадағаланады», - деді әкімдіктегілер.

Бұған дейін алматылықтарды қанттың әр сауда орнында әртүрлі бағасы таңқалдырғаны туралы жазған болатынбыз. Еске салайық, ҚР Сауда және интеграция министрлігі елде қант тапшылығы жоқ екенін хабарлаған болатын.