Алматыда қандай ағаштар кесіледі?

Алматыда қандай ағаштар кесіледі?
Almaty-akshamy.kz

Апатты ағаштар зиянкестердің ошағы болып табылады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Ағаштарды кесу алдында мамандар мұқият зерттейді. 

Қураған ағаштар ғана апатты жағдайда емес. Ішкі өзегі зақымданған ағашты көзбен анықтау мүмкін емес. Сондықтан, Қазақ өсімдік қорғау ҒЗИ декоративті өсімдіктерді биологиялық қорғау бөлімінің меңгерушісі Нұржан Мұхамадиевтің айтуынша, бұл үшін арнайы құрылғы бар. Оның көмегімен сіз ағаштың діңін бұрғылап, шіріктің бар-жоғын біле аласыз. 

«Біздің қаладағы көптеген ағаш ескі, сондықтан жасыл қорды үнемі жаңартып отыру керек. Ауа-райының қолайсыздығы кезінде апатты ағаш құлап, қоршаған ортаға және адамдарға зиян келтіруі мүмкін», – деді Нұржан Мұхамадиев. 

Апатты ағаштар зиянкестердің ошағы болып табылады. Шіріген ағашқа паразиттер, жәндіктер үйір, бұл басқа жасыл желекті зақымдауы мүмкін. 

«Бұрғылаудан кейін біз ағаштан бактериологиялық егіс алып, зерттеуден кейін қорытынды шығарамыз. Жыл сайын шамамен 200-300 жасыл желекті тексереміз. Ресми статистика бойынша Алматыда 84 мың апатты ағаш бар, бұған қоса, бірнеше жылдан кейін апатты ағаштар қатарына қосылатын ауру ағаштар да бар», – деді ғалым.