Алматыда қала тұрғындарын сумен қамтамасыз ету мәселесі бойынша баспасөз туры өтті

Алматыда қала тұрғындарын сумен қамтамасыз ету мәселесі бойынша баспасөз туры өтті
Сурет: Almaty-akshamy.kz

26 шілдеде Алматы қаласындағы сумен қамту мәселесіне қатысты баспасөз туры өтті.

Оған Алматы энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Талғат Малыбаев, Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин, Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Ерлан Әлібеков, сонымен қатар, «Алматы Су» өкілдері қатысты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Баспасөз туры барысында журналистер Кіші Алматы өзенінен ағатын суды көзбен көріп, «Медеу» сүзгі станциясындағы су дайындау үдерісімен, «Балқаш» сумен жабдықтау нысанын реконструкциялау және сумен жабдықтау желісін салу жұмыстарының барысымен танысты. Мамандар таул өзендерде судың лайлану деңгейінің жоғарылау себебін, осыған байланысты Алматы тұрғындары үшін ауыз судың қысымы төмендегенін немесе су берудің шектелгенін айтып берді.

Ерлан Әлібековтың айтуынша, соңғы 13 күнде температураның көтерілуіне байланысты Алматы қаласының таулы жерлерінде мұздықтардың еруі жоғарылайды.

«Біз қазір аэровизуалды шолу жасадық, ол Кіші Алматы өзенінде су деңгейінің жоғарылағанын көрсетті. Жалпы, дәл осындай жағдай басқа өзендердің арналарында да байқалады. Су деңгейінің жоғарылауы өзен жағалауын шаяды. Бұл өзендегі бастапқы судың лайлануының жоғарылауына әкеледі. Сонымен қатар, судың лайлануы қарқынды еріп жатқан мұздықтарға байланысты», - деді ол. Осылайша, сумен жабдықтаудың шектелуі техногендік мәселе емес, тек табиғи құбылыстардан туындайды.

Оның айтуынша, шілдеде байқалған мұндай ыстық ауа-райы соңғы рет 8 жыл бұрын болған.

«Өткен жылдары шілде мен тамыз айларында салқын болды, осыған байланысты бұрын мұндай түйткіл туындаған жоқ. Синоптиктер жұмадан бастап аптаның соңына қарай ауа температурасы +25-28°C дейін төмендейді деп болжайды. Бұл тамыздың бірінші онкүндігінде де сақталады. Осы жағдайда лайлану концентрациясы кемиді, өйткені мұздықтардың еруі азаяды», - деп Е.Әлібеков таулы жерлерде нөсер жаңбыр жауған жағдайда лайлану деңгейінің өзгеруі мүмкін екенін айтты.

«Біз жағдайды бақылауда ұстаймыз. Таулы жерлерде алты көлде алдын алу жұмыстары жүргізілуде, соның арқасында су деңгейі төмендеді. Күн сайын барлық мореналық көлге мониторинг жүргіземіз, бақылау жасаймыз», - деді Ерлан Әлібеков.

Талғат Малыбаев су беру мәселесі бірнеше ауданға, соның ішінде Наурызбай ауданына да әсер еткенін атап өтті. Айтуынша, бүгінгі таңда мегаполис жер асты және жер үсті сумен жабдықтаудың алты негізгі көзімен қамтамасыз етілген.

«Жер үсті көздерінің негізгілері Кіші Алматы, Үлкен Алматы, Ақсай және Қарғалы өзендері болып табылады. «Медеу» су қабылдағышы Медеу ауданының батыс бөлігін қамтамасыз етеді. Біз суды сүзгі станциясына жеткізе алмаймыз, себебі ол бітеліп қалып, қала үшін нақты техногендік қауіп пайда болады. Лайлану азайып, су тазарған кезде «Медеу» су қабылдағышы толады», - деді Талғат Малыбаев.

Ол Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы бас жоспар аясында Алматыға қосылған аумақтарды сумен қамтамасыз ету бойынша жоба әзірленіп жатқанын хабарлады. Егер болашақта мұндай жағдай қайталанса, онда оларды жер асты көздерінің көмегімен шешуге болады.

«Қазір мәселені шешу үшін біз күніне екі рет емес, әр сағат сайын тәулік бойы үздіксіз суды талдаймыз. Егер талдау лайланудың төмендеуін көрсетсе, біз суды уақытша қосамыз. Бүгін Кіші Алматы өзенінен алынған суға талдау жасадық. Нәтижелер лайлылық деңгейі 340 мг/дм3 болғанын көрсетті, бірақ сүзгі станциясы арқылы қажетті көлемде тұрақты су беру үшін лайлылық деңгейі 30-40 мг/дм3 дейін төмендеуі қажет», - деді «Алматы су» су көзі департаментінің директоры Олег Югай.

Баспасөз туры барысында БАҚ өкілдеріне Медеу ауданындағы жаңа су қоймасының құрылыс алаңы көрсетілді.

Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин былтыр күзден бастап Медеу ауданында соңғы 30 жылда ауқымды құрылыс салынғандықтан су қысымының төмендегенін атап өтті. Сондықтан, оның айтуынша, аталған резервуардың құрылысы Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша ТЖ желісі бойынша жүзеге асырылуда. Жобаның әкімшісі Медеу ауданы әкімдігінің аппараты болып табылады.

«Нысан өте маңызды, оны іске асыру биыл Медеу ауданының оңтүстік бөлігіндегі бірқатар шағын ауданды тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жобада 4 ұңғыманы бұрғылау, сағатына судың жалпы дебеті 200-220 текше метрге дейін және қазір салынып жатқан екі үлкен резервуар қарастырылған. Әрқайсысының көлемі 3 мың текше метр. Жұмыс принципі - ұңғымалар резервуарларды толтырады, сол жерден су Каменск үстіртіне, Бутаковкаға, Юбилейный және Көлсай ш / а-ға жеткілікті мөлшерде жіберіледі. 20 мыңға жуық тұрғын тұрақты сумен қамтамасыз етіледі. Іске асыру мерзімі – 2023 жылдың желтоқсанына дейін. Барлық жұмыс "Алматы Су" компаниясының талабы мен келісімі бойынша жүргізіледі. Бұл жобаны одан әрі коммуналдық кәсіпорынның пайдалануына және күтіп-ұстауға беруді қамтамасыз етеді», - деді Алматы қаласының Медеу ауданының әкімі.

Ол сумен жабдықтау шектелген Медеу ауданындағы су таситын көліктердің саны артқанын хабарлады.

"Кеше біз 8 су таситын көлікті, бүгін тағы 6 көлікті жұмылдырып, ертең олардың санын 18 бірлікке дейін арттырамыз. Бұл ретте, бір адамға бір литр су мөлшері шектелмейді, яғни тұрғындар өз қажеттіліктеріне сәйкес су алады", - деді Е.Оразалин.

Биотуалеттерге келсек, бүгінгі таңда Медеу ауданының оңтүстік бөлігінде 28 бірлік орнатылды. Әрі олардың саны тұрғындардың сұранысы бойынша көбейеді.

Сумен қамту мәселесіне байланысты өтініштер үшін жедел желілер ұйымдастырылды. Ол мына нөмірлер бойынша қабылданады: + 7 775 594 90 94 (дәретханалар бойынша), + 7 707 776 47 72 (су таситын көліктер бойынша). Ауыз суды жеткізу мәселесі бойынша өтінімдерді «Алматы Су» МКК диспетчерлік қызметі келесі нөмірлер бойынша қабылдайды: 274-66-66, +7 777 852 91 01.

Анықтама:

«Алматы Су» МКК деректері бойынша қазіргі уақытта Юбилейный, Тау Самал (Каменск үстірті), «ВИП Алем» коттедж қалашығы, «Европолис» ТҮК, Керей мен Жәнібек хандар көшесі, Оңдасынова, Ладушкина, Оспанова, Қыз Жібек, Жәнібекова, Найманбаева, Достық, Чайкина көшесіндегі тұтынушыларға су беру шектелді.

Желілердегі су қысымының төмендеуі Қажымұқан, Байжанов, Луганский, Достық даңғылы, Нұрмағамбетов, Сахариев, «Көктөбе», «Самал-1, 3», «Таулы Қырат» шағын аудандарындағы көшелерде байқалады.