Алматыда кәсіпкерлерге мемлекеттен грант алып беруге уәде еткен алаяқтар ұсталды

Алматыда кәсіпкерлерге мемлекеттен грант алып беруге уәде еткен алаяқтар ұсталды
Сурет: Polisia.kz

Алматыда тұрғындарды алдап келген қос алаяқ ұсталды. 

Анықталғандай, күдіктілердің бірі 33 жастағы К. есімді азамат 5 миллион теңге көлемінде бейіндік бағдарлама бойынша мемлекеттен грант алуды ұсынған. Ал тағы бір қылмыстық іске қатысы бар 29 жастағы А. есімді азаматша шаһар тұрғындарына мемлекеттен грант алып беріп қана қоймай, жылжымайтын мүліктерді игеріп, жұмысқа орналастырып, жүргізуші куәлігін алып бере алатынын айтқан. Өзінің “жұмысы” үшін ол 5 миллион теңге сұраған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

 «Тергеу барысында ақшаны алғаннан кейін қаскүнемдердің ұялы телефондарын өшіріп, байланысқа шығуын тоқтатқаны анықталды. Қазіргі уақытта К. есімді азаматтың алаяқтық бойынша 10 эпизодқа қатыстылығы, ал алаяқ әйелге қатысты 25 дерек дәлелденді. Күдіктілерге қатысты ауданаралық тергеу соты қамау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады», – деп хабарлады Әуезов аудандық полиция басқармасы.

Бірақ алданған адамдар әлдеқайда көп болуы мүмкін екендігіне полиция қызметкерлері сенімді. Сондықтан тәртіп сақшылары ұсталғандардың әрекетінен зардап шеккен азаматтарды мына телефон нөмірлеріне хабарласуға шақырады: 8-707-515-47-35 және 8-778-276-04-14.