Алматыда этнограф-ғалым Тәттігүл Қартайдың фотокөрмесі өтеді

Алматыда этнограф-ғалым Тәттігүл Қартайдың фотокөрмесі өтеді
Cурет: Орталық музей

Киелі жерлердегі этнографиялық ескерткіштер

Алматыда 6 желтоқсанда ҚР Мемлекеттік Орталық музейінде ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай этнограф-ғалым Тәттігүл Қартайдың «Этноэкспедиция күнделігінен» атты фотокөрмесінің ашылу рәсімі өтеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Этноэкспедиция күнделігінен» атты фотокөрме дәстүрлі баспана киіз үй тігу, киіз үйдің шаңырағын сәндеу мәдениетімен,  суды пайдалану әдістері, соның ішінде құдық қазу және оның қабырғасын тас, кірпішпен қалау, сондай-ақ, тал, жүзгін, көкбұта, сексеуіл, жыңғылмен шегендеу сияқты табиғатты игерумен байланысты  қазақ халқының дәстүрлі білімдер  жүйесінің аймақтық және жергілікті жерге тән ерекшелігімен  таныстырады. 

Этноэкспедициялық зерттеулер барысында белсенді қолданыстағы құдықтар түрлерімен қатар, жойылу қаупіндегі және шұғыл қорғауды қажет ететін кейбір қарауыл-құдық түрлері анықталды.  Солтүстік Қызылқұм, Арал, Маңғыстау аймағында тұратын қазақтардың мал қора соғу,  түйені таңбалау арқылы тіркеуге алу сияқты шаруашылық жүргізу қызметінің түрлері, сондай-ақ, үй кәсіпшілігін жүргізуіндегі және күнделікті өмір мен тұрмыстағы дәстүрлерді көрсетін фотолар қойылған.  

Сыр-Арал және батыс өңірдің киелі жерлеріндегі этнографиялық ескерткіштер – кесенелер, қабір үстіне қойылатын тастардың түрлері: құлпытас, сандықтас, қойтас, қошқартастардың  сақталуы ерекше назар аудартады, сонымен қатар, олар  қазақ халқының ежелгі сәндік-қолданбалы өнеріндегі тас қашау өнерінің бірегей үлгілері. 

Көрменің ашылу барысында автордың «Бөрітаным: экспедициялық зерттеулер», «Сутаным: экспедициялық зерттеулер» атты ғылыми-танымдық кітаптарының таныстырылым рәсімі өтеді. 

Тәттігүл Қартай – Археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты, «Музеология және ескерткіштану» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі. Кандидаттық диссертациясының жетекшісі – профессор Нұрсан Әлімбай. Зерттеу бағыты: тарихи этнография, мәдени антропология, ескерткіштану, этноархеология.  Үш жүзге жуық ғылыми және ғылыми-танымдық еңбектердің авторы.  «Қазақстанның аридтік аймақтарында сумен қамтудың дәстүрлі әдістері: этнологиялық және геоархеологиялық тұрғыда қарастыру» (2018-2020); «Қазақстанның шөлді  атыраптарының егіншілік-малшаруашылық ландшафттарын этнографиялық және геоархеологиялық зерттеу: игеру мен бос қалдырулардың тарихи себептері»  (2020-2022) атты іргелі ғылыми-зерттеу жобаларының ғылыми жетекшісі. Тәттігүл Қартайдың  ғылыми жетекшілігімен Жәңгір хан қаздырған Хан құдығы, Хан бағы мен Хан мешіті құдығы қайта қалпына келтіріліп, Батыс-Қазақстан облысындағы «Хан Ордасы» қорық музейіне табысталған (2019). 

Тәттігүл Қартайдың ғылыми жетекшілігімен жүргізілген экспедициялар: Сыр-Арал этнографиялық экспедициясы (2012-2014); Сыр-Арал, дариялық тақыр геоархеологиялық, этнографиялық кешенді экспедициясы  (2018-2020); Батыс Қазақстан облысы, Маңғыстау геоархеологиялық, этнографиялық кешенді экспедициясы (2018-2019); Шу-Іле аңғары, Қызылқұм геоархеологиялық, этнографиялық кешенді экспедициясы (2021). 

Фотокөрме 2021 жылдың 20 желтоқсанына дейін жалғасады.