Алматыда электросамокаттар жылдамдығына шектеу енгізілді

Алматыда электросамокаттар жылдамдығына шектеу енгізілді
Сурет: 24.kz

Заңға өзгерістер мен толықтырулар биыл күзде қабылданады.

Мегеполис басшысы Ерболат Досаев қалада электрсамокаттарды пайдалану мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Бостандық ауданының тұрғындары әкіммен кездесу кезінде жаяу жүргіншілер жолында самокатпен қатты жүретіндерге шағымданды.

«Қалада самокаттарға қатысты шешім қабылданды, азды-көпті тәртіпке келтіруге кірістік. Бірақ заңның қабылдануын күтіп отырмыз, заңға өзгерістер мен толықтырулар биыл күзде қабылданады. Қала деңгейінде мердігерлермен меморандумға қол қойдық, олар қазірдің өзінде саябақ аумақтарынан шықты. Қазір осы үш ірі операторға арнайы автотұрақтарды қарастырып жатырмыз. Бұл - самокат мінетіндерге шектеулер. Тәртіп бұзушылар – осы ережелерді сақтамайтын қаланың жас тұрғындары. Меморандум аясында тамыздың аяғына дейін тәртіп әлдеқайда жақсарады деп сенеміз. Бірақ заң керек. Заң шыққанша бұл мәселені қаламыздың ішкі шешімдерімен қарастырамыз», - деді Досаев.

Қалалық мобилділік басқармасы басшысы Ғани Мырзахановтың айтуынша, Алматыда ортақ серіктестіктердің электросамокаттарына қазірдің өзінде шектеу қойылған.

«Жылдамдық бойынша - сағатына 25 шақырым. Бұл самокат тебуді енді үйреніп жүргендерге. Ал самокат тебуді үйренбегендерге сағатына шамамен 20 шақырым болады», - деді Мырзаханов.