Алматыда дәстүрлі марафон өтуде

Алматыда дәстүрлі марафон өтуде

Жеңімпаздар  үштігі медальдар, грамоталар және естелік сыйлықтармен марапатталады

Дәстүрлі 11-ші Алматы марафоны Алматыда өтуде. Ірі жарысқа Қазақстаннан, сондай-ақ әлемнің 30-дан астам елінен, соның ішінде АҚШ, Оңтүстік Корея, Кения, Германия, Испания, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және басқа елдерден 15 жасқа толған 12 мыңға жуық әуесқой спортшы қатысуда.

Марафонға қатысушылар классикалық марафон қашықтығында (42,2 км), сондай-ақ 21,1 км, 10 км бойынша  жарысады. Сонымен қатар, ниеттенушілер 10 км қашықтықты скандинавиялық жүріспен немесе Экиден эстафетасына қатысу арқылы игере алады. Сондай-ақ, биыл «Алматы марафоны» аясында марафон мен 10 шақырымға жүгіруден ҚР чемпионаты өтеді.

Барлық жас санаттарында ерлер мен әйелдер арасындағы жеңімпаздар  үштігі медальдар, грамоталар және естелік сыйлықтармен марапатталады. 21,1 км және 42,2 км қашықтықтарда абсолюттік санаттардағы ерлер мен әйелдер арасындағы жеңімпаздар ақшалай сыйлықтарға ие болады. Мәреге жеткен барлық қатысушыларға естелік медальдар табыс етіледі.

Қатысушылардың бастапқы жарналарынан жиналған қаражаттың бір бөлігін ұйымдастырушылар дәстүр бойынша қайырымдылық мақсаттарына жұмсайды.

Алматы марафонының бағыты Сәтбаев көшесі, Сейфуллин даңғылы, Әл-Фараби даңғылы, Сайын көшесі, Абай даңғылы арқылы өтеді. Осыған орай, сағат 7:00-ден 13:00-ге дейінгі кезеңде марафон дистанциясы өтетін жерлерде қозғалыс ішінара жабылады. Спортшылар қашықтықты жүріп өткен сайын трассалар ашылады.

«Алматы марафоны» AIMS халықаралық старттар мен жүгіру қауымдастығына кіреді, марафон трассалары World Athletics стандарттарына сәйкес сертификатталған.