Алматыда балалар уланған қонақүй тексерілді

Алматыда балалар уланған қонақүй тексерілді
сурет: Кazmedic.org

Дәлізде жәндіктерден дезинсекциялық өңдеу жүргізілген

Алматыда «Түркістан» қонақүйінде 18 бала химиялық заттан уланды. Бұл туралы Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Ведомствоның мәліметінше, 11 шілдеде таңғы сағат 04:50-де қалалық төтенше жағдайлар департаментінен шұғыл хабарлама түскен. Түнде қонақүйдің 407 бөлме мен 4 қабаттың дәлізінде жәндіктерден дезинсекциялық өңдеу жүргізілгені белгілі болды.

«Сағат 08:40-та Алматы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен Ұлттық сараптама орталығы филалының мамандары 407, 409, 417 қонақүй нөмірлерінде және 4 қабат дәлізінде ауадағы формальдегид, дегидросульфид, аммиак, хлорсутегі және хлордың концентрациясын анықтауға зертханалық-аспаптық зерттеулер жүргізді. Нәтижесінде шекті аталған заттардың нормалардан асу жағдайы анықталған жоқ»,- деп хабарлады қалалық Санитарлық-эпидемиологиялықбақылау департаментінен.

Барлық зардап шеккендерге дер кезінде медициналық көмек көрсетілді. Денсаулықтары жақсаруына байланысты зардап шеккен 13 бала мен 1 жасөспірім сол күні таңғы сағат 09:30-да Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығынан шығарылды. Тағы төрт баланың жағдайы ауыр деп бағаланды. Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бүгінгі күні балалардың жағдайы тұрақты.

«Департамент маманы балалар зардап шеккен қонақүйден оларды көшіруді ұйымдастырды. Сондай-ақ, Павлодар қаласынан келген зардап шеккен балалардың ата-аналарын орналастыруға көмек көрсетті», - деп атап өтті ведомство.