Алматыда «дельта» штамының үлес салмағы 78 пайызды құрайды

Алматыда «дельта» штамының үлес салмағы 78 пайызды құрайды
Сурет: Slovoidilo.ua

Дәрігерлер қала тұрғындарын карантиндік шараларды сақтауға шақырды.

2 шілдеде Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясы барысында Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин қалада коронавирустың жаңа штамдарының айналымы туралы айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Жандарбек  Бекшиннің айтуынша, Алматыда эпидемиологиялық ахуал және инфекцияның таралуына жол бермеу карантиндік шараларды сақтауға және мегаполис тұрғындарының вакциналану қарқынына тікелей байланысты.

 Алматының бас санитарлық дәрігері дерт жұқтырғандар санының күрт өсуіне байланысты эпидемиологтардың 18 маусымнан бастап Алматыда мутацияланған штамдарға зерттеу жүргізе бастағанын айтты.

Бас санитарлық дәрігер қалада бұрын эпидемиологиялық ахуалдың күрделенуі британдық «альфа» штамына қатысты болғанын, енді болжам бойынша Нұр-Сұлтан қаласы мен Ресейден әкелінген «дельта» штамынан өрши түскенін айтты.

 Жандарбек  Бекшин 30 маусымда кезекті зерттеулердің нәтижесі алынғанын айтты. 

«46 сынаманың 36-да «дельта» штаммы, 8-інде «альфа» штамы және екеуінде ашылмаған мутация анықталды. Алматыдағы эпидемиологиялық ахуал коронавирус дертіне шалдыққандарды зерттеу барысында анықталған 78% үлгісінде COVID-19 жаңа «дельта» штамына байланысты болуда», – деді санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы.

Жандарбек Бекшин қала тұрғындары мен қонақтарын халық көп жиналатын орындарға бармауға, әлеуметтік қашықтық пен бетперде режимін сақтауға шақырды. Алматының бас санитарлық дәрігері коронавирустың жаңа штамының тез таралатынын әрі қала тұрғындарының денсаулығы үшін өте қауіпті екенін, сондықтан вакциналану қажеттігін еске салды.