ҰБТ-ға қатысқан 130 мың талапкердің 67 пайызы ғана шекті балды жинады

ҰБТ-ға қатысқан 130 мың талапкердің 67 пайызы ғана шекті балды жинады
Сурет: Syr-media.kz

ҰБТ басталғаннан бері 130 мыңға жуық түлек тест тапсырды.

Оның ішінде 75,7% – қазақ тілінде, 24,1% - орыс тілінде, 0,1% - ағылшын тілінде тестілеуден өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

ҰБТ басталғалы шекті балды 67% жуық талапкер жинады. Орташа балға келетін болсақ, ол - 65 балл. Талапкерлердің, соның ішінде ерекше білім беру қажеттілігі бар талапкерлердің тестілеуді ыңғайлы тапсыруы үшін ҰБТ тапсыру уақыты 40 минутқа ұзартылды. Сонымен қатар, олар үшін сызба және диаграммасыз сұрақтар жасалды.

Қабылданған шаралар арқасында ерекше білім беру қажеттіліктері бар тестіленушілер саны артып келеді. Егер 2021 жылы негізгі ҰБТ-ға 90 бала қатысса, биыл төрт апта ішінде тестілеуге ерекше білім беру қажеттілігі бар 415 бала қатысты. Жалпы, негізгі ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 290 мыңға жуық өтініш келіп түсті.

Мемлекеттік білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін ҰБТ 16 мамырда басталып, 2022 жылғы 5 шілдеге дейін жалғасады. Бұл ретте талапкерлер тестілеу орны мен уақытын өздері таңдады. Биыл талапкерлерге ыңғайлы болу үшін алғаш рет ҰБТ-ның күнін, уақытын, орны мен бейіндік пәндерін еске салатын SMS жолданды.

Хабарлама ҰБТ-ға қатысушылардың өзіне, сондай-ақ кәмелет жасына толмаған тестіленушілердің ата-анасына немесе заңды өкілдеріне жіберіледі. Академиялық адалдықты сақтау мақсатында талапкерлердің тест нұсқасы таңбаланды. Яғни ҰБТ-ның әрбір қатысушысының жеке тест нұсқасы болады. Ереже бұзған және тест тапсырмасын аудиториядан шығаруға талпынған жағдайда, Ұлттық тестілеу орталығы оларды анықтап, нәтижесін жояды. Бүгінгі таңда 174 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ереже бұзғаны үшін аудиториядан 159 адам шығарылып, олардың жинаған балы жойылды.