Президент реформалары іске асуда

Президент реформалары іске асуда
24 kz

Алматыда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі қызметінің аясында «Бейбіт жиналыстар туралы жаңа заңның қолданысына шолу» талдамалы баяндамасы таныстырылды, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz  «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.

Баяндама авторлары Марат Шибұтов пен Нәйлә Әлмұхамедовалардың айтуынша, бұл заң іс жүзінде оң нәтиже көрсетіп, қоғамдық дамуға айтарлықтай әсер еткен.

Іс-шараға белгілі қазақстандық сарапшылар, құқық қорғаушылар мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері қатысты. Жиынды Ұлттық кеңестің хатшысы Ерлан Карин ашты. Қатысушылар өткен жылы қабылданған «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы» заңды талқылады. Бұл құжат алдыңғысынан көп ерекше. Егер бұған дейін митинг өткізу үшін рұқсат алу қажет болса, қазір жергілікті атқарушы органды хабардар етсе жеткілікті.

2019 жылы Қазақстан Президенті елімізде саяси реформаларды жүзеге асырудың бірінші пакетін ұсынған еді. Сол кезде бейбіт жиналыстар туралы жаңа заңды әзірлеуді тапсырған болатын. Жаңа заң бүгінгі таңда өз тиімділігін көрсетіп отыр. Егер бұрын ел аумағында жылына ондаған жиналыс өтіп тұрса, қазір жылына 500-ден астам бейбіт жиналыстар ұйымдастыралады.

Бір жылда өткен митингтер түрлі тақырыптарды қамтыды. Қаржы пирамидасымен күресушілер, бей-берекет құрылысқа наразылар мен жануарларды қорғаушы белсенділер өздерінің азаматтық ұстанымдарын білдіріп келеді. Осылайша, қоғамда митинг өткізудің жаңа мәдениеті қалыптасуда.