Алматыда ауаны ластап жүрген көліктер жаппай тексеріле бастады

Алматыда ауаны ластап жүрген көліктер жаппай тексеріле бастады
Сурет: Қайрат Қоныспаев

Жалпы елдегі көліктердің 60 пайызы ескі.

Шаһардың эко-бекеттерінде бір жыл ішінде 223 мыңнан аса машина тоқтатылса, оның 34 мыңынан шамадан тыс улы газ бөлінетіні анықталған. Енді биылдан бастап түтіндеген көліктерді «Экосергек» бейнекамералары анықтап, полицияға тізімін беріп отырады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Бұл камералар көшедегі барлық көліктерді түсіреді. Шамадан тыс түтіндеген техникаларды бірден анықталып, орталық жүйеге түседі. Ары қарай тәртіп сақшылары айналысады», - дейді жоба менеджері Андрей Литвинов.

Экологтар қаладағы ауаның ластануына басты себеп – осы көліктерден шығатын зиянды заттар екенін айтады. Қазір темір тұлпарлардың экологияға әсері 70%-ға жеткен. Сондықтан әр жүргізуші бұл мәселеге жауапкершілікпен қарағанда ғана оң шешімін табады деп отыр.

«Экологияның жақсаруы тек мұндай әкімшілік шараларға ғана емес, халықтың өзіне тікелей байланысты. Халықтың экологиялық мәдениетінің төмендігі біздің экологиялық ахуалымызды жақсартуға кедергі келтіріп отырған фактор», - дейді эколог Дінмұхамед Лесбеков.

Мамандардың сөзінше, еліміз бойынша қолданыстағы көліктердің 60%-ы 20 жылдан асқан. Қазір экологиялық бақылау саласындағы заңдарға енгізу мен түзетулер енгізу мәжілісте қаралып жатыр. Мәселен, бұған дейін ауаны ластаушы көліктердің жүргізушілеріне алғашқыда ескерту берілсе, енді бұл тәртіп алынып тасталуы мүмкін.

Қала әкімдігі экологияны жақсарту мәселесі өзекті екенін жақсы біледі. Қазір қаладағы қоғамдық көліктер газға ауыстырылып жатыр. Ал ескі темір тұлпарлардың проблемасы әлі күн тәртібінде тұр. Мегаполисте өткен жылдың өзінде ауаны ластаған көлік иелеріне 207 млн теңгеден аса айыппұл салынған.