Алматыда әр үйдің кіреберісіне жер сілкінісі кезінде эвакуацияланатын орынның картасы ілінеді

Алматыда әр үйдің кіреберісіне жер сілкінісі кезінде эвакуацияланатын орынның картасы ілінеді
Сурет: Ашық дереккөз

Қалада 25 мың кіреберіс бар

Алматыда барлық үйдің кіреберісінде жер сілкінісі кезінде эвакуацияланатын орындарға қалай жетуге болатыны көрсетілген карта пайда болады. Бұл туралы Ерболат Досаев мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Бостандық ауданының тұрғыны шаһар басшысынан сейсмикалық оқу-жаттығу кезінде алматылықтар қай жерге эвакуацияланатынын сұрады.

«Төтенше жағдайға қатысты. Бізде әр подъездің қасында баруға болатын жердің нақты схемасы орнатылады. Қалада 25 мың кіреберіс бар. Төтенше жағдайлар департаменті ұсыныстарын көрсетті, ақша бөлеміз. Күзге қарай әр адам қайда бару керектігін білетін болады. Өткен сенбіде мен жер сілікінісі кезінде жиналатын орындарды аралап көрдім. Оның кейбіреулері сапасыз жағдайда, оларды ретке келтіру қажет. Тапсырма бердім. Күзде қалада үлкен оқу-жаттығу өтеді, сол уақытқа дейін қала дайын болады деп сенемін. Аталған орындарды көрсетеміз, адамдарды дайындаймыз», - деп жауап берді әкім.