Алматыда 32 мыңнан астам жасөспірім вакцина салдырды

Алматыда 32 мыңнан астам жасөспірім вакцина салдырды
Сурет: Inform.kz

Қалада 119 вакциналау пункті жұмыс істейді.

Алматы қаласында бір тәулікте 2 695 адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«3 ақпан күні 2 695 алматылық вакцина салдырды. Вакцина салдырғандар саны бойынша Алматы қаласы алдыңғы орында. Өткен жылдың 1 ақпаны мен биылғы 3 ақпан аралығында қалада 1 074 642 тұрғын вакцинаның бірінші компонентін, 1 035 787 адам екінші компонентін салдырған. Оның ішінде 124 174 адамның жасы 60-тан асқан», - делінген қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің хабарламасында.

Бүгінгі таңда Pfizer (Comirnaty) компаниясының екпесін 44 720 адам салдырды. Оның ішінде 2 323 жүкті әйел, 9 838 бала емізетін ана және 32 569 жасөспірім бар.

«Бүгінгі таңда қалада медициналық ұйымдарда 119 вакциналау пункті жұмыс істейді. 140 вакциналау бригадасында 520 медицина қызметкері жұмылдырылған», - деп атап өтті басқарма мамандары.