Алматыда 13 көлікті ағаш басып қалған

Алматыда 13 көлікті ағаш басып қалған
Сурет: видеодан алынды

Алматыда кешегі дауылдан отызға жуық ағаш құлап, 13 көлікті басып қалған.

Секундына 24 метр жылдамдықпен соққан жел Ақсай шағын ауданындағы №132 мектептің шатырының кей жерін ұшырып кеткен. Артынша болған нөсер жауыннан қаланың төменгі аудандарындағы жеке үйлердің ауласы мен көшелерді су басты. Қаланың кейбір бөліктерінде электр жарығы сөніп қалды.

Ауа райының қолайсыздығына байланысты қаланың төтенше жағдай қызметтері мен коммуналдық кәсіпорындар түнімен жұмыс істеді. Таңға дейін дауыл мен нөсер жауынның салдарынан құлаған ағаштар кесіліп, жолдар тазартылды. Ал шатыры ұшқан мектепке, мердігер ұйым оқушылардың каникулы аяқталғанша жөндеу жұмыстарын жүргізеді.

«Қазгидромет» бүгін және ертең Алматыда 8 мм-ге дейін жаңбыр жауады деп болжап отыр.

Нұрлан Атығаев, Алматы қаласы ТЖД басшысы: - Жеке үйлердің аула аумақтарын 38 су басу туралы хабарламаларға департамент күштері мен құралдары бірге барлық қоңырауларға уақытылы ден қойып, жұмыс істеді. Қазіргі уақытта барлық оқиғалар жойылды. Қаладағы жағдай тұрақты. Абырой болғанда, зардап шеккен адамдар туралы ақпарат тіркелген жоқ.