«Алматы» телеарнасы YouTube арнасының «Алтын батырмасын» алды

«Алматы» телеарнасы YouTube арнасының «Алтын батырмасын» алды
Сурет: Almaty.tv

Жазылушылар саны миллионға жетті. 

«Алматы» телеарнасы YouTube желісінің «Алтын батырмасын» алды. Оның YouTube арнасы 2010 жылы ашылып, жүйелі түрде жұмыс істеп келеді. 2018 жылы телеарна YouTube-тің «Күміс батырмасын» алған болатын. Міне, араға 4 жыл салып, «Алтын батырмаға» да қол жеткізіп отыр. Әлемдік видеохостингтің «Алтын батырмасы» парақшаға 1 млн оқырман жазылғанда беріледі, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv арнасына сілтеме жасап. 

«Құрметті достар, бұл «Күміс батырма» жақын арада «алтынға» айналады, өйткені кеше ғана «Алматы» телеарнасының YouTube әлеуметтік желісінде жазылушылар саны миллионға жетті. Демек, АҚШ-тан Алматыға арнайы келетін «Алтын» түймені иеленді. Мен оны телеарна басшылығына қуана табыстаймын. Бұл миллион жазылушы ғана емес, сайтта жарияланған 60 000 материал 300 миллионнан астам қаралым жинады деген сөз. «Алматы» телеарнасының YouTube желісіне әлі жазылмаған болсаңыз, тезірек жазылыңыз», – деді YouTube-тің Қазақстандағы өкілі Самсон Безмятежный.

Телеарна өнімдерін әлемнің 100-ден астам елінде бейнехостингтен тамашалай алады. Негізгі аудитория – қазақ халқы, одан кейін орыстар, қырғыз, өзбек ағайындар.

«Біздің арна 4 жылда осы жетістікке жетті. Біз 100 000 жазылушымен бастадық, бүгін көптен күткен өте маңызды оқиға болды. Енді миллион көрерменіміз бар. Бұл ұжымның еңбегі деп есептеймін, өйткені телеарнадағы әр қызметкердің шығармашылық жетістігінің арқасында осындай нәтижеге қол жеткіздік», – деді «Алматы» телеарнасының бас продюсері Ралида Мұқанова.

4 тамыздан бастап «Алматы» телеарнасы республикалық мәртебе алып, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында хабар таратуға міндетті арналар тізіміне енгенін атап өткен жөн. Сондай-ақ Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігінің ақпараттық агенттік және интернет-басылым ретінде тіркелгені туралы куәлігін алды.

2022 жылдың жаңа маусымына «Алматы» телеарнасы 8 әлеуметтік-драмалық және тарихи сериал, сондай-ақ 26 бағдарлама, оның ішінде 11 жаңа тележоба дайындады. Бағдарламалар YouTube әлеуметтік желісі арқылы да көрерменге көрсетіліп келеді.

2022 жылы арнаға ребрендинг жасалды. Брендтің жаңаруы «Алматы» телеарнасы дамуының жаңа кезеңге аяқ басқанын және контент сапасы артып, дәстүрлі эфир мен цифрлық интернет синергиясына бет алғанын көрсетеді. «Алматы» телеарнасы ересектер аудиториясын да, әлеуметтік желілер мен онлайн ресурстарды кеңінен қолданатын жас көрермендерді де кеңінен қамтитын «заманауи классикаға» барынша көңіл бөлмек.

Маркетингтік мақсатта рестайлингті, жаңа айдентиканы және эфирлік безендіруді, жаңартылған хабар тарату кестесін және т.б. қамтитын шаралар қабылданды. Алғаш рет тележобаларды эфирде және эфирден тыс дамыту мақсатында телеарнаның біртұтас имидждік стратегиясы қабылданды.

«Бүгіннен бастап біздің YouTube арнамызда жаңа белес басталады деп ойлаймын, ол бізге күш-қуат береді, шығармашылық серпінпен жаңа белестерге жетуге мүмкіндік береді. «Қандай солдат генерал болуды армандамайды» дегендей, 10 миллион жазылушыға жеткенше талмай еңбек етеміз. «Алматы» телеарнасының дамуының басты бағыттарының бірі цифрлық ортада өзіндік контент құру және насихаттау екенін ескере отырып, жақын арада «Мен репортермін», «Jelide», «SuperMen» «Күндерек», «#REC» интерактивті жобасы әлеуметтік желілерде іске қосылады», - деді «Алматы» телеарнасының бас продюсері Ралида Мұқанова.

2022 жылдың қыркүйегінде Youtube қолданушылары «Алматы» телеарнасының  контентін қарауға 934 000 сағат уақыт жұмсаған, басқаша айтқанда, бұл көрсеткіш 106 жылға тең.

«Alatay Aqparat» медиахолдингінің ұжымы әріптестерін жоғары жетістіктерімен құттықтайды.