Алматы сейсмологы жыл соңына дейін қатты жер сілкіністері болмайтынын айтты

Алматы сейсмологы жыл соңына дейін қатты жер сілкіністері болмайтынын айтты
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Қала аумағында қатты жер сілкіністері күтілмейді. 

ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің Сейсмология институтының директоры Дәулет Сәрсенбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингіне қатысты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

 «Біздің институттың базасында тұрақты болжам жасайтын комиссия бар. Оның қорытындысы бойынша, осы жылдың соңына дейін Алматы қаласының аумағында қатты және зілзалалы жер сілкіністері күтілмейді», - дейді ӨКҚ спикері. 

Сонымен қатар, ол Алматы тұрғындарын жалпықалалық жоспарлы сейсмикалық оқу-жаттығу кезінде үрейге бойы алдырмауға, әлеуметтік желілердегі арандатушылық сөздерге ермеуге шақырады. Жалпықалалық сейсмикалық оқу-жаттығу жыл сайын халықты жер сілікінісі кезінде қалай әрекет етуге дайын болу керектігіне дайындау мақсатында өткізіледі. 

Журналистердің сұрақтарына жауап берген Дәулет Сәрсенбаев алдағы болжамды түрде жер сілкінісінің нақты күнін әлемнің ешбір жерінде анықтай алмайтындарын айтты. Дегенмен, бұл мәселемен алматылық ғалымдар айналысуда. Олар күн сайын сейсмологиялық станциялардан мәліметтер жинап, болжамды анықтау үшін 200-ден астам параметрді өңдейді. 

 «0,7 ықтималдылық бойынша, біздің сарапшылар бізде күшті жойқын жер сілкінісі болмайды деп сенімді түрде мәлімдейді. Алматы қаласы тұрғындарын ескерту және алдын ала хабарлау аясында әкімдіктің, Төтенше жағдайлар департаментінің және біздің Сейсмология институтының қолдауымен күшті жер сілкінісін ерте хабарлау жүйесін енгізу жұмыстары жүргізілуде. Мемлекет басшысы атап өткендей, 2025 жылға дейін  ерте хабарлау жүйесімен және "Дәрмен" мобильді қосымшасымен біріктіре отырып, 28 ерте хабарлау жүйесінің станциясын орнату жоспарлануда», - деді Дәулет Сәрсенбаев.