Қазақстанда интернет алаяқтық бойынша 18 мыңнан астам қылмыс тіркелген

Қазақстанда интернет алаяқтық бойынша 18 мыңнан астам қылмыс тіркелген
Сурет: Mugalzhar.kz

Алаяқтар абоненттік нөмірді ауыстыруға арналған сервистерді белсенді пайдаланады.

Интернет алаяқтыққа қарсы күрес әлемде баса назар аудару керек мәселенің бірі болып отыр. Алаяқтар азаматтарды алдау үшін әртүрлі амалдарды қолданады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында мәлім болды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Baq.kz сілтеме жасап. 

ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығының басшысы Жандос Сүйінбай жыл сайын осындай жағдайлардың көбейіп жатқанын баса айтады. 

«Цифрлық технологиялардың дамуы оны пайдалана отырып жасаланатын ұрлықтардың көбеюіне алып келді. Бүгінде интернет алаяқтық кең қоғамдық резонанс тудырып отыр. Ағымдағы жылы олардың саны 18 000-нан асып отыр», – деді ол. 

Көбінесе мұндай қылмыстар тауарларды онлайн сатып алу жолымен жасалады екен. Мұндай әдіспен 6000-дай қылмыс тіркелген. 

- Сондай-ақ, банк, құқық қорғау органдарының қызметкерімін деп жасалған алаяқтық ерекше алаңдатып отыр, - дейді ол. 

«Жыл басынан бері осы тәсілмен 3000-дай қылмыс тіркеліп отыр. Бұл - алаңдайтындай мәселе. Тіркелген істерді талдау көрсеткендей, осындай жағдайда алаяқтар абоненттік нөмірді ауыстыруға арналған сервистерді белсенді пайдаланады», – деп атап өтті. 

Маманның сөзінше, алаяқтар көбінесе телефон арқылы хабарласып, күдікті оперция туралы хабарлайды немесе банктің жемқор қызметкерін ұстағалы жатырмыз, көмегіңіз керек деп хабарласады. Осындай сәтте аң-таң болған азамат көбінесе алаяқтардың құрбаны болып жатады.