Алматы полициясының басшысы қаланың жоғары сынып оқушыларымен кездесті

Алматы полициясының басшысы қаланың жоғары сынып оқушыларымен кездесті
Сурет: Polisia.kz

Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров Б.Атыханұлы атындағы №36 гимназияның жоғары сынып оқушыларымен кездесу өткізді.

Күн тәртібіндегі маңызды мәселелер – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу, қала мектептеріндегі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

«Бұл мақсатты аудитория кездейсоқ таңдалған жоқ. Өйткені, баланың жасөспірімдік шағында қоғамның жағымсыз әсерлері мен сырттан келетін қауіпті факторлардың әсер ететінін ата-ана ретінде бәріміз де жақсы білеміз. Тіпті, қазір балалардың көпшілігі рухани және спорттық дамуды емес, компьютерде сағаттап отыруды қалап тұрған кезде, бұл мәселе әлеуметтік өзекті саналады. Көбіне ата-аналарының қолы бос еместігінен жасөспірімдер өз бетімен қалады: олар өз мәселелерімен және сәтсіздіктерімен жалғыз қалады, содан кейін, өздерінен сәл үлкенірек жасөспірім пайда болып, есірткіні қолданып көруді ұсынады. Біз, үлкендер осы өмірлік маңызды сәтті жіберіп алмауымыз керек. Баламыздың қиын сәттерінде жанында болу маңызды, сонда ол өз ата-анасының, бауырларының және әпкелерінің жанынан қолдау іздейтін болады», – деді Арыстанғани Заппаров.

Жалпы білім беру мекемесінің мәжіліс залы лық толды: мектеп оқушылары Алматы қаласының бас полицейінің дәрісін өте мұқият тыңдады, бір кездері теріс жолға аяқ басқан құрдастарының талқандалған тағдырлары туралы білді. Сондай-ақ бас ПД бастығы тыңдаушыларды есірткі қылмысы үшін жазаның қатайтылғаны туралы хабардар етіп, жастар арасында есірткі тарату мәселесіне жеке тоқталды.

«Бүгінгі күннің сұмдығы – «синтетика». Бұрын сатушы мен тұтынушы байланыста болса, бүгінде оларға дамыған интернет пен түрлі мессенджерлер “көмектеседі”. Бірінші кезекте, біз жастарды жан-жағына мұқият қарап, өз ортасын бағалауға шақырамыз. Өйткені, бұл маңызды фактор. Дос – бұл сенің қолыңдағы темекіні көріп, оны екіге бөліп тастайтын адам болу керек», – деді Арыстанғани Заппаров.

Бұл кездесуде полицейлер отбасындағы қылмыстық элементтерді және кез келген басқа қоғамға жат көріністерді бастапқы кезеңде анықтау үшін мұғалімдерді оқушылардың өмір салты мен күнделікті өмірін сапалы зерделеуге шақырды. Осылайша, тәртіп сақшыларының ойынша, кәмелетке толмаған баланың болашақ өміріне оң әсер ету мүмкін болады.