Алматы полицейлері қаланы қардан тазартуға қол ұшын созды

Алматы полицейлері қаланы қардан тазартуға қол ұшын созды
Сурет: Polisia.kz

Алматыда полицейлер коммуналдық қызметтерге қаланы қардан тазалауға көмектесіп жатыр.

Қалың жауған қарды тазалау кезінде патрульдік полиция полкі мен мамандандырылған батальонның 25 экипажы қар тазалау техникасына жол бастап жүрді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Мақсат – жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларын азайту және азаматтарға қауіпсіз жағдай жасау.

«Сонымен қатар қаланың негізгі магистральдарында кешкі уақытта қозғалыс қолмен реттеу арқылы қамтамасыз етілді. Соңғы тәулікте қалада барлығы 22 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Қаза тапқандар жоқ. Толассыз жауған қар қаладағы жол жағдайын айтарлықтай қиындатқаны анық: кептеліс пайда болып, көліктердің жолда жүруі қиындады. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, көбінесе бұл құбылыстар жол қозғалысына қатысушылардың нашар тәртібінен туындайды: кейбір жүргізушілер жылдамдықты төмендетпейді, апаттық жағдайлар, қауіпті маневрлер жасайды, бір-біріне құрмет көрсетпейді, жаяу жүргіншілер дұрыс емес жерден жолдан өтеді. Осы факторлар жалпы жол жағдайына кері әсер етеді», – деді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаев.

Ауа райының нашарлауына байланысты алматылық тәртіп сақшылары жол қозғалысына қатысушыларды қауіпсіздік шараларын күшейтуге шақырады. Сондай-ақ полицияда жолдың қателікті кешірмейтінін еске салды. Жол қозғалысы ережелерін сақтау – сіздің және жақындарыңыздың өмірінің қауіпсіздігінің кепілі!