Волонтер студенттерге ақшалай сыйақы төленетін болды

Волонтер студенттерге ақшалай сыйақы төленетін болды
Сурет: ria56.ru

Сондай-ақ академиялық кредиттер есептелуі мүмкін.

Қазақстанда волонтер студенттерді материалдық ынталандыру жүйесі енгізілді. Енді волонтерлік қызметпен белсенді айналысатын білім алушылар атқарған еңбегі үшін ақшалай сыйақы ала бастайды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚР Білім және ғылым министрлігіне сілтеме жасап.

Бұл шешім әлеуметтік маңызды қызметпен айналысатын белсенді студенттердің санын көбейту мақсатында қабылданып отыр. Мысалы, мұқтаж адамдарға көмек көрсетіп жүрген, түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыратын студенттер аз емес.

«Министрлік жастар бастамаларына ерекше ден қойып, оларды қолдайды. Мәселен, енді 20 сағаттық волонтерлік қызмет үшін студенттерге ваучер түрінде кредит беріледі. Бұл студент оқитын жоғары оқу орнында/білім беру ұйымында екі академиялық кредитті (сағатты) есепке алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ студент 20 000 теңге мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем алады. Егер студент 50 сағат жұмыс істесе, оған бес академиялық кредит (сағат) есептеліп, 50 000 теңге төленеді», – деді ҚР БҒМ «Қаржы орталығы» АҚ басқарма төрағасы Асқар Ибраимов.

Айта кетейік, волонтер студенттерге арналған төлемдер тілдерді оқыту және компьютерлік сауаттылық бойынша репетиторлық қызмет үшін, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс, сонымен бірге аула және спорт клубтарын ұйымдастырғаны үшін, балалар, қарттар және мүмкіндігі шектеулі адамдармен жүргізілген әлеуметтік жұмыс, қоршаған ортаны қорғау және басқа да қызметтер үшін қарастырылған. Волонтер-студенттерді көтермелеу жүйесін енгізу – жастар арасында әлеуметтік жауапкершілікті дамыту және Қазақстанда волонтерлер қозғалысын ілгерілету барысында жаңа серпін болмақ.