Алматы облысындағы бөгеттер нығайтылып жатыр

Алматы облысындағы бөгеттер нығайтылып жатыр
Сурет: 24.kz

Алматы облысындағы Ворошилов су қоймасы бөгетінің бір бөлігін кеше су орып кетті.

Қоймадан қашқан су Қараой ауылының іргесіндегі көлдерді суға толтырды. Онда түнімен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы жұмыс істеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.

Облыстағы әскери бөлім қызметкерлері мен ауыл тұрғындары да көмекке келді. Олар таңға дейін бөгетті нығайту жұмыстарын жүргізді. Өйткені Қараой ауылының іргесіндегі көл суға лық толды. Дегенмен, төтеншеліктер ауылдарды су басу дерегі тіркелмегенін және судың транзиттік режимде ағып жатқанын айтты. «Қараой аулындағы көл суы Қаскелең өзені арқылы Қапшағай көліне құйылып жатыр. Енді бір, бір жарым сағат шыдап берсе, қауіп сейіледі», - дейді мамандар.

«Қазіргі таңда бөгеттердің барлығын инертті материалдармен бекітіп, қосымша өзен көлдердегі суларды айналмалы арық арқылы ағызу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі кезде елді мекендерге қауіп төніп тұр деп айта алмаймын. Себебі судың деңгейі мөлшерінен түскен жоқ қазіргі уақытта. Айналмалдырма арық жүйесімен ағып жатқан суымыздың мөлшері төмен түскен кезде нақты жауабын айта аламын», - дейді облыстық ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Ерсін Жағыпаров.

«Су басып қала ма деген қатер бар еді. Мінеки, ТЖМ, военныйлар келіп, көмектесіп жатыр. Құдайға шүкір, кішкене апаттан қашқан сияқтымыз. Жеңілденіп қалдық. Енді судің деңгейі 1-2 сағатта түсіп қалар деп отырмыз. Халық болып ауызбіршылыкпен бәріміз осында жүрміз», - дейді Қараой ауылының тұрғыны Айсын Айтмұратов.