Алматы облысында жол апатынан үш полицей зардап шекті

Алматы облысында жол апатынан үш полицей зардап шекті
Cурет: Кадрдан алынды

Қазіргі кезде жол апатының мән-жайы анықталып жатыр

Талғар ауданында бес бірдей көлік соқтығысты. Олардың ішінде полицияның арнайы патрульдік автомашинасы да бар, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

Облыстық полиция департаменті ұсынған мәліметке сәйкес, жол апаты бүгін таңғы сағат 08:30-да болған. Бес көліктің соқтығысқан сәті даладағы бейнебақылау камерасына жазылып қалды.

«Subaru Legacy-дің 24 жастағы жүргізушісі Алматы - Көкпек – Көктал тас жолының 26-шақырымында рөлге ие бола алмай, жолдың қарсы бетіне шығып кеткен. Сол кезде Kia Cadenza маркалы патрульдік көлікке соғылды. Одан кейін инерциямен Lada Largus, Subaru Outback пен Mitsubishi Galant-ты соқты», - дейді полицейлер.

Жол апаты кезінде патрульдік көлікте болған үш полицей ғана зардап шекті. Оларды Есік қалалық ауруханаға жеткізген. Дәрігерлердің көмегінен кейін барлығы үйіне жіберілді.

Қазіргі кезде полицейлер жол апатының мән-жайын анықтап жатыр.