Алматы облысында жаңа мешіт ашылды

Алматы облысында жаңа мешіт ашылды
Сурет: ҚМДБ

Қарасай ауданында Жақсылық Үшкемпірұлы атындағы жаңа мешіт ашылатынын бұдан бұрын хабарлағанбыз.

Даңқты қазақ спортшысы Жақсылық Үшкемпірұлы есімі берілген мешіттің ашылу салтанатына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бас мүфти Жібек жолы ауылы тұрғындарын мерейлі сәтпен құттықтап, мешіт құрылысына демеуші болған азаматтарға алғысын білдірді.

«Мейірімділік мекені, руханият ордасы саналатын мешітті салу үшін қаражаттан бұрын жомарт жүрек қажет. Алла Тағала қасиетті Құранның «Тәубе» сүресінде: «Алланың мешіттерін шынайы түрде Аллаға және ақырет күніне сенген, намазды толық орындаған, зекет берген, Алладан ғана қорыққан кісілер көркейтеді. Міне, солардың тура жол табушылардан болуы үміт етіледі» - дейді. Ал маңдай терімен тапқан табысын мешіт салуға жұмсаған азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Бүгін салтанатты түрде ашылғалы тұрған бұл мешітке қазақтың бір қайсары, елін сүйген жайсаңы – Жақсылық Үшкемпірұлы есімі беріліп отыр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы соңғы жылдары елімізде салынатын мешіттер мен бұрыннан бар құлшылық үйлеріне ел мен жерге, дінге қызмет еткен асыл азаматтардың есімін беруді игі үрдіске айналдырып келеді. Алла Тағаланың қалауымен осы мешітке Жақсылық Үшкемпірұлы есімі бұйырған екен, берекелі болсын. Көпшілік Жақсылық ағамызды спорт майталманы, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы ретінде танитыны рас. Әйтсе де, ағамыз өмірін тек спортқа ғана арнамады. Елдің қамын жеп, жұртының жайын ойлады. «Қазақтың тамыры – ауылда» дегенді жан-тәнімен түсінген игі жақсымыз еді. Алла Тағала мейіріміне бөлеп, рухы пейіште шалқысын! Соңында қалған ұрпағына өнегелі өмір, берекелі ғұмыр тілейміз. Есімі берілген осы мешіттің бірлігі жарасқан жамағаты көп болғай. Жақсылық ағамыздай елін сүйген, елі сүйген ерендер осы өңірден шыға берсін. Әмин!» деді ҚМДБ Төрағасы.