Алматы облысында 1,5 млрд теңгенің құрылысы аяқсыз қалған

Алматы облысында 1,5 млрд теңгенің құрылысы аяқсыз қалған
Сурет: интернеттен

Пайдалануға берілмеген екі нысан бойынша қазір сот жүріп жатыр.

Алматы облысында мемлекеттің қыруар қаражаты жұмсалған құрылыс нысандары аяқталмаған күйі қалған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Ұйғыр ауданы. Сауықтыру кешені 

Ұйғыр ауданындағы сауықтыру кешенінің өзіне осыдан төрт жыл бұрын 1 миллиард теңге бөлінген. Бірақ сауықтыру орталығының құрылысы сол күйі аяқталмай қалған, ал қаңқасы үш жылдан бері қаңырап тұр.

«Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасын жүзеге асыру аясында тапсырылу мерзімі кешіктірілген, қаржы жымқыру қаупі бар әлеуметтік нысандар құрылысына мониторинг жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 2 нысан Алматы облысында орналасқан. Бұл – Ұйғыр ауданы Шонжы ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы және Райымбек ауданы Жамбыл ауылындағы мәдениет үйінің құрылысы», - деді Алматы облысының жемқорлыққа қарсы еріктісі Куляра Маненова.

Райымбек ауданы. Мәдениет үйінің құрылысы

Жалпы еліміздің барлық өңірі бойынша бюджеті 2,44 триллион теңгені құрайтын, алайда аяқталмай шала қалған 156 нысан бар екенін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің қызметкерлері анықтаған.

«Сауықтыру кешенінің құрылысына 2019 жылы 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, тапсыру мерзімі 2021 жылғы қаңтарға белгіленді. Ал мәдениет үйіне 2021 жылы 474 млн теңгеге жуық қаражат бөлініп, жұмыстарды аяқтау мерзімі 2022 жылдың тамыз айына қойылды. Антикор еріктілермен бірлесіп осы екі нысанды жіті бақылауда ұстайды», - деп хабарлады Алматы облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі.