Алматы облысында 100 жастағы кейуана дауыс беруге келді

Алматы облысында 100 жастағы кейуана дауыс беруге келді
Сурет: Алматы облысының әкімдігінің баспасөз қызметі

Зейнелхан Оспанова – 12 құрсақ көтеріп, тәрбиелеп жеткізген «Алтын алқа» иегері.

Алматы облысы Жаркент қаласының тұрғыны, 100 жастағы Зейнелхан Оспанова референдумда дауыс берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Jetisu Media» өңірлік коммуникациялар орталығының мәліметінше, ғасыр жасаған кейуана барлық саяси науқандардан қалмай, белсенді түрде қатысып келеді. Ол соңғы 30 жылда болған сайлау мен референдум есінде қалғанын жеткізді.

«Ұрпақтарым аман болсын! Артымыздағы жастар аман болсын! Жаркентіміз көркейе берсін, жақсарып. Қазақстанымыздың жақсы бір азаматтары болып өссін! Жастарымыз аман болсын! Өсе берсін! Қазағымыздың санын көбейте берсін», – деген Зейнелхан Оспанова жастарға өз батасын берді.

Кейуанаға алғашқы дауыс беруші ретінде естелік сыйлық табысталды.

Сондай-ақ бүгін Алматы облысы бойынша 1053 референдум учаскесінде дауыс беру жүріп жатыр. Өңірде дауыс беру құқығына ие электорат саны 1 млн 200 мыңнан асады.