Алматы марафонына 50 елден 15 мыңнан астам желаяқ қатысты

Алматы марафонына 50 елден 15 мыңнан астам желаяқ қатысты
Сурет: Қайрат Қоныспаев

Алматы марафоны  - World Athletics стандарттарына сай сертификатталған ең үлкен жүгіру жарысы.

Бүгін түстен кейін өткен «Алматы марафоны–2023» халықаралық жарысы 15 жастан асқан спортшылар мен көптеген көрермендерді жинады. Жарыстың басталуы мен аяқталуы Республика алаңында болды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Қатысушыларға төрт қашықтықтың бірін таңдау мүмкіндігі берілді: 42 шақырымдық классикалық марафон немесе оның жартысы мен төрттен бірі. Сонымен бірге, 42,2 және 21,1 шақырым қашықтықта,  алдын ала іріктеуден өткен озық қатысушылар үшін «элита» санаты қарастырылған. Алматы марафонының кейбір қатысушылары скандинавиялық серуенмен 10 шақырым қашықтықты еңсеруді таңдаса, басқалары командалық эстафетаға қатысты.

Сондай-ақ, Алматы марафоны аясында биыл алғаш рет 35 жастан асқан қатысушылар үшін тас жолда 10 км жүгіруден Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, марафон биылғы жылы 15 600 адамның басын қосты, марафон өткізілген алғашқы жылы 2012-де оған 2,5 мың адам қатысқан болатын.

Жүгіру жарысының басында да, соңында да мерекелік атмосфера орнады. Бұған шуақты ауа райы, көңілді музыка, адамдардың көтеріңкі көңіл-күйлері де әсер етті десе болады. Көрермендер тарапынан да  жүгіруге келгендерге қолдау көрсеткендер қарасы қалың болды. Марафоншылардың арасында алғаш рет осындай жарысқа қатысқандар да болды. Жаппай жүгіру жарысынан Алматы әкімі Ерболат Досаев та көзге түсіп қалды, тіпті онымен қашықтықты еңсеру кезінде кейбір спортшылар  селфиге түсіп үлгерген.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Алматы марафоны – қайырымдылық іс-шара. Қатысушылардың бастапқы жарналарынан түскен қаражаттың бір бөлігі 68 млн теңге көлемінде спорттық инфрақұрылым салуға және үш балалар үйіне, дене және ақыл-ой даму ерекшеліктері бар балаларға арналған үш оңалту орталығына, психиатриялық мекемеге, сондай-ақ Алматы мен Алматы облысының Орталық стадионына арнайы жабдықтарды сатып алуға бағытталатын болады.