Алматы – Қазақстан экономикасының қозғаушы күші

Алматы – Қазақстан экономикасының қозғаушы күші
Сурет: ашық дереккөз

Жыл басынан бері мегаполис экономикасы қарқынды түрде өсіп келеді. Қысқа мерзімде экономикалық индикатор 122,2%-ке дейін, жылдық инфляцияның баяулауы аясында іскерлік белсенділік индексі 58,7% тармаққа дейін жеделдеді. Сауда, өңдеу өнеркәсібі, көлік пен қоймалау – экономикалық өсімнің драйвері болды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев шаһарды өркендетуге қатысты бірнеше бағытта атқарылуға тиіс жұмыстарға назар аударған болатын.

Мемлекет басшысының айтуынша, ең алдымен, қала экономикасын әртараптандыру арқылы оның тұрақты дамуын қамтамасыз ету қажет. Алматы – еліміздің экономикалық дамуының қозғаушы күші және көшбасшысы. Жалпы ішкі өнімнің бестен бір бөлігі, бюджет кірісінің 25 пайыздан астамы және Қазақстанның сауда операцияларының үштен бір бөлігі осы қалаға тиесілі.

«Экономиканың әртараптандырылу деңгейінің төмен болуы қала тұрғындары табысының өсімін баяулатады. Қала «орташа табыс тұзағына» түсті, одан шығу үшін қала экономикасын түбегейлі әртараптандыру қажет. Өңдеу өнеркәсібін, туризмді, IT секторын және креативті индустрияны дамытуға баса назар аудару керек. Бәсекелестікті ынталандыру, инвестиция тарту және еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыру қажет. Қала жағдайындағы өңдеу өнеркәсібін дамыту ісі экологиялық таза және ықшамды заманауи технологияларды қолдана отырып, үдерістерді жоғары деңгейде автоматтандырумен және цифрландырумен қатар жүзеге асырылуы керек. Алматының индустриялық аймағы мен «Алатау» инновациялық технологиялар паркінің әлеуетін толық пайдалану қажет», – деген еді Президент Алматы жұртшылығымен кездесу барысында.

Мемлекет басшысының тапсырмасын басымдыққа ала отырып, Алматыда мемлекеттік және қалалық бағдарламалар аясында 3 мыңнан астам жобаны қолдау үшін биыл 44 млрд теңге бөлінді.

Қысқа мерзімде экономикалық индикатор 122,2%-ке дейін, жылдық инфляцияның баяулауы аясында іскерлік белсенділік индексі 58,7% тармаққа дейін жеделдеді. Сауда, өңдеу өнеркәсібі, көлік пен қоймалау – экономикалық өсімнің драйвері болды.

Қалада жыл басынан бері іскерлік белсенділіктің айтарлықтай өсуі байқалады. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында іскерлік белсенділік индексінің деңгейі бойынша (58,7% ) Алматы Қазақстан өңірлері арасында бірінші орынға шықты. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 23,9% артты.

Өкілеттіктерді орталықсыздандыру жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау бойынша, 1 сәуірден бастап қалалық әкімдіктің 15 функциясы аудандық әкімдіктерге беріліп, олардың бюджеті 2,7 есе, яғни 161,6 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылды.

Есепті кезеңде негізі капиталға 484 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл ретте жеке инвестициялар 2,7%-ке өскен.