Алматы – электронды картаға көшкен алғашқы қала

Алматы – электронды  картаға көшкен  алғашқы қала
almaty-akshamy.kz

немесе электронды төлем картасы туралы бірер сөз

Қазір қалтаңызда цифрлы төлем картасы немесе ұялы телефоны­ңызда мобильді қосымша болса, Алматы автобустарында, трол­лейбуста, метрода жүру құны 100 теңге. Ал картаңыз, мобильді қосымшаңыз болмаса, жүргізушіге қолма-қол 200 теңге төлеп, қолыңызға түбіртек-билетіңізді аласыз. Қайсысы тиімді? Әрине, картамен төлейтін 100 теңге тиімді. Ал күніге бірнеше көлікке отыратын болсаңыз, қолма-қол төленетін 200 теңге қалтаңызға әжептәуір салмақ салатыны анық.


АСПАНДА ДА, ЖЕРДЕ ДЕ...

№203 автобуста келе жатырмыз. Кезекті аялдамадан есік ашылғанда, «Саламатсыздар ма, құрметті жолаушылар! «Оңай» картала­рыңызды, билеттеріңізді, смс-төлемдеріңізді тексеріске дайындап отырыңыздар!» деген дауыс саңқ ете қалды. «Оңай» деген жазуы бар сары жилет киген жігіт дереу тексеріске көшті. Бәріміз тәртіпті оқушыдай, қалтамыз­ға қарай жүгіріп, біріміз жол жүру картамыз­ды, енді біріміз билетімізді шығара баста­дық. Жанымда отырған әйел:

– Қайта-қайта тексере бересіңдер ме?! Қазір ғана тексердіңдер ғой! – деп сөйлеп қалды.

– Апай, бұл – менің жұмысым. Ол тек­серістен бері жолай қаншама адам кіріп, қаншама жолаушы шығып жатыр. Тексеруге міндеттіміз, – деп, әлгі бақылаушы жігіт қо­лындағы аппаратына біздің «Оңай» карта­мызды тақап, «диң» деген дыбыс шыққан соң ары қарай кете барды.

«Осы бақылаушылардың жұмысы қалай реттеледі екен? Күніге қанша билетті тексер­гендігі туралы ақпарат әлгі қолындағы аппа­ратқа жазылып қала ма сонда, есепті сол бо­йынша беретін болып тұр-ау» деп қоямын іштей журналистік әуестікпен.

Аялдамаға түсе бергенімде, қарсы ал­дымда әлгіндей сары жилет киген екі тексе­руші тұр екен. Сөзге тарттым. Мақпал есімді бақылаушы ақкөңіл әйел салдырлап ала жө­нелді.

– Сегіз сағат линияда боламыз. Өзімізге тиесілі автобус маршруттары бар, соған мініп, түсіп, тексеріп отырамыз.

– Жол ақысын төлемегендерді қайтесіз­дер?

– Түсіріп кетеміз.

– Бәлкім, шын мәнінде ол адам ақшадан қысылып тұрған шығар, жағдайына қарай­сыздар ма?

– Қарайтын несі бар, қазір кез келген адамда ұялы телефон бар, туысына, не таны­сына хабарласа салуына болады. «Каspi Gold» деген тағы бар. Көшелерде терминал­дар да толып тұр. «Оңай» картаңызға күндіз бе, түн бе, қарамайсыз, аспанда да, жерде де ақша сала бересіз, – деді қолында электрон­ды тексеру аппараты бар Мәдина.

Иә, рас. Басы-артық айтар уәжіміз жоқ. Міне, цифрландырудың жемісі!

«ОҢАЙМЕН» ОҢАЙ

Жалпы, Алматы қаласының тұрғындары «Оңай» көлік картасы жүйесіне осыдан тура 7 жыл бұрын, 2016 жылы көшкен болатын.

Әлемнің ірі қалаларында осыған ұқсас төлем жүйелері бұрыннан бар. Мәселен, Ре­сейдің Мәскеу қаласында «Тройка» қо­ғамдық көлік картасы қолданыста. Лондонда – «Qyster», Стамбулда «IstanbulKart» дейді. Сингапур, Гонконг немесе Оңтүстік-Шығыс Азиядағы дамыған мемлекеттердің барлығы карта арқылы жол ақысын төлеу жүйесіне әлдеқашан көшіп алған.

Алматы – Қазақстандағы электронды карта жүйесіне көшкен алғашқы қала. Ал аталған жүйені енгізудегі басты мақсат – қо­ғамдық көлікпен тасымалдау саласындағы қаржы айналымын көлеңкелі нарықтан шы­ғарып, сол арқылы қала бюджетіне түсетін қаражат көлемін арттыру болатын. Сол сенім ақталды ма? Ол туралы сәл кейінірек.

КӨЛЕҢКЕЛІ БИЗНЕСТІ  «СУ БЕТІНЕ» ШЫҒАРДЫ

Есіңізде ме, осы «Оңай» төлем жүйесі ең алғаш енгізілгенде тұрғындардың басым көпшілігінің наразылық білдіргені? Тіпті, қолма-қол ақшадан қағылған жеке меншік автопарк жүргізушілерінің арасында жолға шықпаймыз деп мінез көрсеткендері де бар. Алғашқыда әр қоғамдық көліктің кондукто­ры кассалық аппарат арқылы билет кесіп бергенімен, онысын кейде түсіп бара жатқан жолаушыдан қайтарып алып, келесі жолау­шыға ұсына қоятынын да көз көрді.

Иә, қала жұрты алғашында жаңа жүйеге тосырқай қарап, сенімсіздік танытты. Бұрын­ғыдай қолма-қол ақша төлегенді қолайлы көрді. Бірақ қала билігі шегінген жоқ, арнайы рейдтер ұйымдастырып, нәтижесінде жол ақысын төлемеген жолаушылардың әрқайсы­сына екі айлық есептік көрсеткіш мөлшерін­де, яғни 4242 теңге айыппұл сала бастады. Сондай-ақ, автобус жүргізушісі көлігінде электронды билет құрылғысы бұзылып қал­ғанына қарамастан бағытын жалғастырып, жолаушылардан қолма-қол ақша алғаны анықталса, 10 605 теңге көлемінде айыппұл арқалады.

Айтпақшы, осы жүйені енгізерде сарап­шылар қолма-қол төлем кезіндегі түсімнің 30%-ы жекелеген адамдардың қалтасына кетіп жатыр деп болжап келген. Ал «Оңай» енгізілгенде қолма-қол төлемнен түскен пай­даның 60%-дан астамы жеке қалтаға кетіп жатқаны әшкере болған.

«Оңай» картасы алғаш қолданысқа енген 10 күн ішінде-ақ қала бюджетіне 67 млн тең­геден астам қаржы түскен екен.

ЖОЛ АҚЫСЫН ЖЕМЕҢІЗ!

«Оңай» төлем жүйесі қыруар қаржыны көлеңкелі экономиканың қалтарысынан шы­ғарып, қаладағы тозығы жетіп салдырлап қалған автобустардың жаңаруына мүмкіндік туғызды. Мәселен, кейінгі 4 жылда қаланың жылжымалы құрамы 95%-ға жаңарды, 2,5 мың автобус сатып алынды. Сөйтіп, халық өз ақшасының қайда жұмсалып жатқанын бі­леді. Яғни алматылықтар өз қаражатының өздеріне сапалы қызмет ретінде қайтып жат­қанын біледі.

Мен Алматы іргесіндегі Талғар ауданын­да тұрамын. Биылдан бастап аудан орталығы – Талғар мен сол қалаға шектесіп жатқан екі шағын ауыл мен саяжайларға жолаушылар тасымалдайтын автобустар электронды тө­лем жүйесіне көшті. Сөйтіп, ауыл жұрты да цифрландыру жемісін көріп жатыр. Үлкеннің де, студент, оқушының қолында да электрон­ды карта. Жолақысын қолма-қол төлеп жат­қан адамдар бірен-саран ғана кездеседі. Де­мек, тиімді әдіс бәрімізге жағып тұр.

Осы орайда көкейге келіп қалған бір ойы­мызды да айта кетсек. Қоғамдық көліктерде жолақысын төлемейтіндер, тек сары жилет киген бақылаушы кіріп келген сәтте ғана «Оңайын» баса қоятын немесе есік-терезеге жапсырылған QR кодқа телефондарының бетін тақай қоятын жолаушылар да бар. Егер сол автобус не троллейбус болмаса, діттеген жерімізге жете алмас едік. Ал жете алмасақ, сол күнге жоспарлаған барлық шаруаңыз аяқсыз қалды деген сөз. Сондықтан жол ақы­сын жемеген дұрыс-ақ. Әрі қолайлы өмір сүруімізге әрқайсысымыз сол 100 теңге ар­қылы үлес қосып жатқанымызды да ескеріп жүрейік.

ЖОЛЫҢЫЗ БОЛСЫН!

 

Тақырыпқа орйы

Бибігүл ТҮНҒАТАР,  Алатау ауданындағы  «Шаңырақ» ықшамауданының тұрғыны, көпбалалы ана:

Қоғамдық көлік  мәдениетін  қалыптастырды

«Оңайдың» жолаушылар үшін өте тиімді екенін уақыттың өзі дәлелдеп берді. Біріншіден, қоғамдық көлік мә­дениетін қалыптастырды десем, артық болмас. Бұрын жүргізушілердің жа­нында бір-бір кондуктор болатын. Көбісі қыз-келіншектер. Есік көзінде аяғын көтеріп қойып, бір қолымен шемішкесін шағып, екінші қолымен ақша жинап отыратын жап-жас әйел­дерге қарап талай қынжылған сәттерім де болған. Қоғамдық көлікте құдды жүргізуші екеуі ғана келе жатқандай айқайлап әңгімелесетіндері де бар- тын. Одан қалды, жолаушылармен дауыс көтеріп балағаттасып жататын. Қазір мұның бірі де жоқ. Жүргізуші өз тізгініне ие. Ал жолаушылар автобусқа міне салып, «Оңайын» сары термина­лына тақап, әрі қарай өте береді. Кісі аяғы көп ортада, тар жерде, көлік есігі ашылып, жабылып жатқан қарбалас сәтте сіз қалтаңызды ақтарып тиын- тебен іздеп әуреленбейсіз, осылай тө­лем жасай қоясыз. Өркениет деген осы ғой!