Алматы әкімдігіне сырттан қарыз алуға рұқсат беріледі

Алматы әкімдігіне сырттан қарыз алуға рұқсат беріледі
www.gov.kz

Алматы әкімдігіне қала маңындағы елді мекендердің мәселесін шешуге сырттан қарыз алуға рұқсат беріледі, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz

Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Мәжіліс кулуарында айтты. Оның сөзінше, бүгін Мәжіліс бірінші оқылымда қабылдаған "Агломерацияларды дамыту туралы" заң жобасы Алматы қаласы әкімдігіне сырттан қарыз алудың тағы бір тетігін береді.

«Мұндай мүмкіндік тек Алматы қаласына ғана берілетінін айта кету керек. Бұл қаражат Алматы маңындағы агломерацияның аумағында инфрақұрылымды дамыту жобаларына жұмсалуы керек. Ал оның лимиті бюджетті реттейтін нормаларға сай белгіленеді. Алматы қаласының бюджеттік мүмкіндіктері белгіленген. Демек, аталған мақсатқа алынатын сыртқы қарыздың лимиті сол белгіленген бюджет мүмкіндіктерінен аспауы керек. Лимит осы негізде реттеледі», - деді министр.

Сондай-ақ ол аталған мақсаттағы қарызды Алматы әкімдігі тек теңгемен ғана ала алатынын атап өтті. Айтуынша, әкімдікке теңгемен қарыз беруге ниетті халықаралық ұйымдар бар.

«Дүниежүзілік банк тобы бар ғой. Оның IFC (International Finance Corporation) дейтін құрылымы бар. Осы IFC ұжымы Алматы қаласының әкімдігіне тиісті қаражат беруге дайын. Бірақ ол ұлттық валютамен беріледі», - деді Ұлттық экономика министрі.