Бес кеншінің өмірін қиған апатқа 26 лауазымды тұлға жауапты

Бес кеншінің өмірін қиған апатқа 26 лауазымды тұлға жауапты
Сурет: Azh.kz

ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы шахтада бес кеншінің өмірін қиған апаттың себебін айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«3 қарашада Ленин атындағы шахтада болған апат бұрын бұрғыланған дренаждық ұңғымалардан газ бен көмір шаңының көп мөлшерінің шығуына байланысты кенеттен газдинамикалық құбылыс нәтижесінде пайда болды. Негізгі себеп – метанның шаңмен шығарылуының көп мөлшері және №79 пикет аймағындағы бұрғылау станогындағы бұрғылау штангасының металл бекіткіштердің элементтеріне үйкелуі салдарынан ұшқын пайда болып, жарылыс орын алған», - деді министр.

Сондай-ақ, Юрий Ильин бірқатар бұзушылықтар анықталғанын, оның ішінде инженерлік-техникалық персонал тарапынан тиісті бақылаудың жоқтығы салдарынан жұмыс өндірісінің қанағаттанарлықсыз ұйымдастырылғанын атап өтті.

Қазіргі уақытта Ленин шахтасының 26 қызметкері, оның ішінде басшылық лауазымдарды атқаратын екі шетелдік азамат шахтадағы апатқа жауапты болып анықталды.

Естеріңізге сала кетейік, 3 қарашада түнгі сағат 3.03-те «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің Ленин атындағы шахтасында метан газы жарылған.  Апат кезінде шахтада, жер астында 106 адам болған. 101 адам эвакуацияланды, бес адам қайтыс болды, төрт адам ауруханаға жатқызылды.