Алматы-2-Маңғыстау жолаушылар пойызы жаңа вагондармен толықты

Алматы-2-Маңғыстау жолаушылар пойызы жаңа вагондармен толықты
Сурет: Ашық дереккөз

Вагондар Алматы – Маңғыстау және Алматы – Өскемен бағыттары бойынша жүретін болады

Алматы станциясынан №77/78 "Алматы-2-Маңғыстау"  жолаушылар пойызы құрамында Петропавл қаласындағы "ЗИКСТО" АҚ вагон жасау зауытында шығарылған жаңа вагондар жөнелтілді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz "Қазақстан Теміржолы" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Вагон паркін жаңарту бағдарламасы аясында "Жолаушылар тасымалы" АҚ 400 орындық 11 купе вагон сатып алды. Вагондар Алматы – Маңғыстау және Алматы – Өскемен бағыттары бойынша жүретін болады.

"Вагондар жайлы, техникалық артықшылықтарымен ерекшеленеді. Олар ауа баптау жүйелерімен, ауаны зарарсыздандыруға және тазартуға арналған заманауи сүзгілермен, экологиялық таза дәретхана кешендерімен жабдықталған. Вагондарда заманауи бейнебақылау жүйесі бар: бейнекамералар дәліздер мен тамбурларда орнатылған және түрлі-түсті режимде жұмыс істейді. Түтін датчиктері бар өрт сөндіру жүйесімен, жеке өрт шлангісімен және әр вагонда су қорымен жабдықталған", - делінген компания хабарламасында.

Вагондардың қызмет ету мерзімі – 40 жыл.

"Жолаушылардың жайлылығы үшін әр купеде электр розеткалары және жолда ұялы телефондарды қайта зарядтауға арналған USB қосқыштары орнатылған. Вагондарда тоңазытқыш, микротолқынды пеш, ауыз су диспенсері және ыстық су титаны бар", деп қосты компания өкілдері.

Сондай-ақ, жыл соңына дейін Қызылорда – Семей бағытында жүретін отандық өндірушінің купе және плацкарт үлгісіндегі тағы 50 жаңа вагоның жеткізу жоспарлануда.